Жарияланды: 830

Қазақстан президенті Пекинде ҚХР төрағасымен кездесті

Қазақстан президенті Пекинде ҚХР төрағасымен кездесті

Алматы. 8 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Н. Назарбаев Қытай басшысын ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарының ашылуымен құттықтады. Мемлекет басшысы Қытай астанасына Қазақстанның Пекин Олимпиадасын қолдайтынын паш етуге, сондай-ақ, Қазақстан спортшыларына қолдау білдіру үшін келгендігін атап көрсетті. Президент Қазақстанның Олимпиада ойындарын саясиландырудың кез келген әрекетіне қарсы екендігін білдіріп, Олимпиада - 2008 спорт тарихындағы ең әсем және есте қаларлық оқиғалардың бірі болатынына сенім білдірді. ҚХР төрағасы өзінің қазақстандық әріптесіне игі тілектері үшін, сондай-ақ, Олимпиада алауының эстафетасын Алматыда жоғары деңгейде өткізгеніне өз ризашылығын білдірді. "Біз сізді Қытай халқының үлкен досы ретінде білеміз. Және Қазастан спортшыларына сәттілік тілейміз", - деді Қытай басшысы. Өз кезегінде Н. Назарбаев Қазақстан спортшыларының қонақжай Қытай жерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне үміт білдірді. Қазақстандықтар спорттың 22 түрі бойынша 132 Олимпиада жолдамасына иелік етті. Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарында алғаш рет ойын түрлерінде қатысады. Олар Қазақстанның гандбол мен волейболдан қыздар құрамалары болып табылады. Тараптар сондай-ақ, сауда-экономикалық, саяси және гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастардың жағдайы мен даму болашағын талқыға салды. "Осыдан үш жыл бұрын біз сізбен бірге Қытай мен Қазақстанның стратегиялық серіктестігі жөнінде жарияладық. Бұл біздің сыртқы саясатымыздың басымдықтарының бірі болып табылады. Біздің елдеріміз қазір стратегиялық ықпалдастықты тереңдете алады. Мен сізді келер жылы Қытайға ресми сапармен келіп қайтуға шақырамын", - деді Ху Цзиньтао. Н. Назарбаев Қытай басшысының былтырғы Астанаға жасаған сапарының барысында қол жеткізілген келісімдер сәті жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті. Бұл минералдық ресурстар саласындағы жобаларға да, шикізаттық емес салалардағы бірлескен ынтымақтастық бағдарламасына да қатысты. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 6,4 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл 2007 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 35,4 пайызға артық. Осы оң үрдістер сақталып қала беретін болса, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы биылдың өзінде 15 млрд АҚШ долларына жетуі ғажап емес. Екі елдің басшылары дүниежүзілік және өңірлік өзекті мәселелер бойынша, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында халықаралық ұйымдар, бірінші кезекте Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясында өзара тиімді ықпалдастыққа ұмтылу бойынша ұстанымдарының бір екендігін тағы бір рет дәлелдеді. Кездесуді аяқтай отырып, ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао Н. Назарбаев пен Қазақстан делегациясын Қазақстан президентінің құрметіне арналған ресми кешкі асқа шақырды. Бұл ретте ол Олимпиада ойындарының ашылуына мемлекеттер мен үкіметтердің 80-нен астам басшылары келіп қатысатынын атап өтті. "Алайда мен жеке қабылдауды тек үш қонағыма - президент Джордж Бушқа, премьер-министр Владимир Путинге және сізге ғана жасаймын", - деді Ху Цзиньтао. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін