Жарияланды: 790

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында салыстырма кестеге 65 түзету енгізілген

Астана. 16 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында салыстырма кестеге 65 түзету енгізілген, деп хабарлайды агенттік тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кезекті отырысы болып өтті. Онда бірқатар заң жобалары қаралды. Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында туындаған мәселелер талқыға салынды. Парламент депутаттары бастамашы болған осы заң жобасы мемлекет пен діни ұйымдардың өзара қарым-қатынасын реттеу мәселесін тәртіпке келтіру, діни ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін заңды түрде бекіту қажеттілігінен туындағаны белгілі. Парламент депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, "Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы", "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы", "Әскери қызмет және әскери міндеттілік туралы" заңдарға толықтырулар енгізуді ұсынған. Ұсынылған толықтырулар негізінен діни бірлестіктердің қызметін және құқықтық мәртебесін реттеуге бағытталған. Сондай-ақ мемлекеттің бақылау функцияларын және діни бірлестіктердің жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Жұмыс тобында қаралып болған осы заң жобасы бүгін аталған комитеттің отырысында Салыстырма кесте бойынша талқыланды. Салыстырма кестеге 65 түзету енгізілген. Жұмыс тобындағы көтеріген мәселелер жөнінде депутат Серік Темірболатов түсінік берді. Кейбір даулы баптар бойынша депутаттар Аманкелді Момышев, Уәлихан Қалижанов, Ермұханбет Омаровтар пікір білдірді. "Бұл заң жобасын енді алдағы аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда талқылауға шығарамыз",- деп қорытынды жасады Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Рүстемов. Келесі кезекте комитет мүшелері Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түркіменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығын (ОАӨАҮО) құру туралы келісімді бекітуді көздейтін заң жобасын қарады. Бұл құжаттың маңыздылығы туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Қалмұханбет Қасымов баяндама жасады. Комитеттің отырысында бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялау және Салық туралы, үш жылдық Бюждет кодекстерінің жобалары мен "Әлеуметтік қызметтер туралы" заң жобалары бойынша депутаттардың ұсыныстары қаралды. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін