Жарияланды: 500

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды

Астана. 8 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары өтті, сапар барысында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-экономикалық даму және ұлтаралық келісім мәселелері басты назарда болды, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында Қ.Саудабаев Осакаров аудандық ауруханасын аралап көрді, Қарағанды экономикалық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті, Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының мүшелерімен кездесу өткізді, "АрселорМиттал Темиртау" АҚ-ының жұмысымен және "City Mall" сауда-ойын-сауық орталығымен танысты. Сондай-ақ, Қарқаралыда Мемлекеттік хатшы Құнанбай қажы мешітінде болып, №5 кәсіби лицей құрылысының барысымен танысты. Қарағанды облысы Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының мүшелерімен болған кездесуде Мемлекеттік хатшы біздің көпұлтты еліміздегі тұрақтылық пен келісімді одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті. "Біздің елімізде он жеті жыл бойы бейбітшілік пен келісім сақталып отыр. Қазақстандықтар басқа мәдениет, тіл мен дін өкілдеріне сыйластық танытып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың қажеттігін терең түсінеді. Бұған тәуелсіздік жылдарында біздің көпұлтты ортақ шаңырағымыздағы бейбітшілік пен келісімді көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор. Таяудағы әртүрлі ұлт азаматтарының өліміне әкеп соқтырған Кавказдағы қайғылы жағдайлар Елбасымыздың бейбітшілік пен үйлесімді нығайту жөніндегі бағытының айрықша маңызды екендігін көрсетеді", - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы. Парламент сессиясының ашылуында Президент мәлімдегендей, "халқымыздың өсіп-өркендеуі, бейбітшілік, саяси және экономикалық тұрақтылық, көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстанның толеранттылығы, заңды түрде бекітілген мемлекеттік шекара, көршілерімізбен жақсы қарым-қатынас - мұның бәрі тәуелсіздік жылдарында біз бірге қол жеткізген үлкен ұлттық жетістіктер. Баршамыздың басты міндетіміз - біздің ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету." Қарағандыдағы кездесуде этносаралық саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі құралы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының, сондай-ақ кіші ассамблеялар мен ұлттық-мәдени орталықтардың қызметін одан әрі жандандырудың маңыздылығы атап өтілді. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть