Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі өз қызметіне ғарыштық технологияларды енгізеді - Ахметов - kaz.caravan.kz
  • $ 470.17
  • 547.47
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі өз қызметіне ғарыштық технологияларды енгізеді - Ахметов

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі өз қызметіне ғарыштық технологияларды енгізеді - Ахметов

Астана. 19-қараша. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі байланыс, навигация, картография, әскерді және қаруды басқару жүйелеріне, сондай-ақ, әуе кеңістігін бақылауға ғарыштық технологияларды енгізеді. Бұл туралы 16-17 қараша күндері Павлодардың және Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуі кезінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлады "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.

  • 19 Қараша 2007
  • 697
Фото - Caravan.kz

«Елбасы талаптарын ескере отырып байланыс, навигация, картография, әскерді және қаруды басқару жүйелеріне, сондай-ақ, әуе кеңістігін бақылау мен әскери қызметтің өзге де салаларына ғарыштық технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілу үстінде», — деп баспасөз қызметі Д. Ахметовтың сөзін келтіреді.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, министр сондай-ақ, Қазақстан әскеріне қаруланудың жаңа жүйелері мен техника, қазіргі заманғы формалар мен әскери іс-қимылдарды жүргізу әдістері енгізілетінін еске салып өткен.

«Әуе қорғанысын нығайту, әскерді авиациялық, зымырандық және броньды танк техникасымен, қазіргі заманның байланыс және басқару жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қарастырылған. Әскери теңіз күштерін және Каспий жағалауында әскери инфрақұрылымды құру жұмыстары жалғасуда», — деді Даниал Ахметов.

«Негізінен армияның техникалық жаңартылуы әскердің жылдамдығы мен әскери қуат-мүмкіндігін, тиімді дербес іс-әрекеттерге икемділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деп санайды министр.

Сонымен қатар, Даниал Ахметовтың айтуынша, әскери дайындықтың — армияның бейбіт уақыттағы негізгі қызмет түрі — қарқындылығы мен сапасын жоғарылату үшін арнайы оқу орындары құрылған. Онда әскери мамандар мен қатар резервистер де дайындықтан өтеді.

Министр сондай-ақ, «ел президентінің тапсырмаларын орындау үшін Қорғаныс министрлігі шартты түрде «әскери қызметкердің әлеуметтік пакеті» деп көрсетілген шаралар кешенін жасап шығарған. Ол әскери қызметтің дәрежесін көтеруге, әскери адамдарға мемлекет тарапынан салмақты әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге бағытталған».

«Әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа әдістері жасалуда және биылғы жылдың өзінде қызметтік үйді дамытуға 2 млрд-тан астам теңге қосымша бөлінді», — деп сөзін жалғастырды министр. Ол бұл жерде Аягөз, Отар, Сарыөзек, Қапшағай, Приозерск, Шеңгелді сияқты жырақта орналасқан әскери гарнизондардағы үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге басымдық беріліп отырғанын еске салып өтті.

«Әлеуметтік пакетті» жүзеге асыру әскери қызмет дәрежесін арттырып қана қоймайды. Ол жеке құрамға, әсери дайындық сапасына және солардың нәтижесінде Қорғаныс күштерінің әскери дайындық деңгейіне талапты да күшейтеді», — деп санайды Д. Ахметов.

«Осылайша, біздің еліміздің президентінің — Қорғаныс күштерінің Бас қолбасшысының — тікелей қатысуымен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрал болып табылатын қазіргі заманға сай жабдықталған армияны құру бойынша тиісті шаралар жасалуда», — деп сөзін қорытындылады ол.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті