Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2008 жылдың 16-17 ақпанында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов Біріккен Араб Әмірлігінде (БАӘ) жұмыс сапарымен болды.
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу Даби қаласында Кәрім Мәсімов БАӘ президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен, БАӘ премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мақтұммен, Абу Даби Әмірлігінің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммад бен Заид Әл Нахаянмен, сондай-ақ «Dubai World» Дубай корпорациясының атқарушы директоры Сұлтан Ахмед бен Сүлейммен кездесті.
Кәрім Мәсімов БАӘ-не біздің еліміздегі бірқатар ірі инвестициялық жобаларға қолдау көрсеткені және қазақстандық бастамаларды қолдағаны үшін алғыс айтты, сондай-ақ ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға шақыруын әмірліктің лидеріне табыс етті.
Әмірлік тарабы шақыруды алғыс сезіммен қарсы алып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды дамып отырғанын қанағаттанарлықпен атап өтті.
Екі елдің үкіметі мен бизнес қоғамдастығының тығыз ынтымақтастығының арқасында көлік және коммуникация, құрылыс, энергетика мен мұнайхимия салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру және өзара қарым-қатынастарды дамыту мүмкіндігі пайда болды.
Кездесулердің қорытындысы бойынша, 17 ақпанда ҚР премьер-министрі К. Мәсімов пен БАӘ президентінің істер жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаянның қатысуымен 3 меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК мен «IPIC» халықаралық мұнай инвестициялық компаниясы арасында Батыс Қазақстандағы мұнайхимия кешені құрылысы саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға, әмірліктің «Мубадала» компаниясы мен «Тобол» ӘКК арасында Қостанай облысындағы алюминий зауыты құрылысы мен боксит кен орнын игеруде өзара түсіністік туралы Меморандумға, сондай-ақ «IPIC» компаниясымен химия және минералдық тыңайтқыштар зауытын құру және дамытуды инвестициялау саласында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
«Біз Қазақстандағы боксит кен орны негізінде алюминий зауытының құрылысы жөніндегі маңызды келісімге қол қойылғанын мақтаныш етеміз. Бұл біз үшін маңызды бағыт, маңызды жоба, маңызды әріптестік болып табылады және біз бірінші сыныпты жобаны дамытуға сенім артамыз», деді келісімдерге қол қою рәсімінен кейін Абу Даби әмірлігі атқарушы комитетінің төрағасы Халдун Алмубарак.
Осы ретте, ҚР президентінің 2007 жылдың соңында БАӘ-не сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру ісі 2008 жылдың бас кезінен қолға алынуда. Бұдан басқа, аталған жобаларды іске асыру Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты биылғы жолдауында айтылғандай, экономиканың шикізаттан басқа секторын іс жүзінде дамыту міндетін шешуге ықпал ететін болады.
Абу Даби Әмірлігінің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян және «Dubai World» Дубай корпорациясының атқарушы директоры Сұлтан Ахмед бен Сулейммен келіссөздер барысында тараптар ҚР президенті Н. Назарбаевтың 2007 жылы қарашада БАӘ-не сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға екі елдің ұмтылысын құптады.
Кездесу кезінде туризм саласын дамыту, Астана қаласының инфрақұрылымы және Қазақстанның шипажай-санитарлық аймағындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Кездесу барысында тараптар ағымдағы жылдың наурызында ҚР сауда-өнеркәсіп палатасы делегациясының БАӘ-не сапары аясында бекітілуі жоспарланып отырған, Қазақстан-Әмірліктің іскерлік кеңесін тездетіп құруға қолдау білдірісті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті