Жарияланды: 670

Қазақстан үкіметіне шетелдік компанияларда жұмыс істейтін еліміз азаматтарын әлеуметтік қорғауды жетілдіруге қатысты шаралар жүйесін әзірлеу ұсынылды

ҚР бас прокуратурасы Қазақстан үкіметіне шетелдік компаниялар мен шетелдіктердің қатысуымен құрылған кәсіпорындарда жұмыс істейтін еліміз азаматтарын әлеуметтік қорғауды жетілдіруге қатысты шаралар жүйесін әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізді. Бұл туралы ҚР бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада айтылған.

Мұндай шешім ҚР бас прокуратурасы тарапынан 129 шетелдік компаниялар мен шетелдіктердің қатысуымен құрылған кәсіпорындарда жүргізілген тексеру қорытындысына сәйкес қабылданып отыр. Тексерулер барысында шетелдік инвесторлар тарыпынан ҚР еңбек заңдарын өрескел бұзу оқиғалары көптеп тіркелді. Қазақстан азаматтарының құқығын бұзу оқиғасы негізінен шетелдік мамандармен бірдей ахуалда жұмыс істейтініне қарамастан еңбекақы төлеуде оларды алалау түрінде көрініс берді. Дәл осындай құқық бұзу оқиғалары Ақтөбе облысындағы "Великая стена" Қазақстан-Қытай аралық бұрғылау компаниясы ЖШС , сондай-ақ, Атырау облысында жұмыс істейтін "Сенімді құрылыс" және "Рейнхолд Махла ТС Интернейшэнэл" атты екі Түрік компаниясында тіркелді. Сонымен бірге, прокуратура органдары еңбекақыны уақытында төлемеу фактілерін әшкереледі. Мәселен, Атырауда жұмыс істейтін Ресей-Қазақстан аралық бірлескен "CC-GAGSA" құрылыс компаниясы" ЖШС-де жалақы берешегі 10 млн. теңгені құраса, Ақмола облысындағы "Казсабтон" ЖАҚ-да жалақы қарызы 70 млн. теңгеден асқан. Сондай-ақ, прокуратура ақылы еңбек демалысын беруде қазақстандық қызметкерлер мен шетелдіктерді бөле-жара қарау дерегін де анықтады. Ал дербес еңбек шартына қол қоюда заң талаптарын бұзу көрінісі тексеруге қамтылған әрбір екінші компанияда тіркелді. Сонымен бірге, азаматтарды жұмысқа қабылдағанда тіпті жеке еңбек шартын мүлдем естен шығару деректері де кездескен. Мәселен, Алматы облысында жұмыс істейтін Ирандық "Алтын орда" ЖШС -ін тексерген кезде онда жұмыс істеп жүрген 54 қазақстандық қызметкердің бір де біреуі жеке еңбек шартына мүлдем қол қоймаған болып шықты. Мұндай дерек 230 Қазақстан азаматы жұмыс істейтін Текелі қаласындағы Қытайдың "Силк роуд Фешин Ко, ЛТД" ЖШС мен 70 адам еңбек ететін Қапшағайдағы Ресейлік "Кнауф Маркетинг Алматы" кәсіпорнында да тіркелді. Осындай барлық заң бұзу деректері бойынша прокуратура органдары тарапынан прокурорлық бақылауға қатысты шаралар қолданылды. Нәтижесінде еліміздің 6557 азаматының құқығы қорғалды. Тексеру қорытындысы туралы мәлімет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына да жолданды ,- делінген ҚР бас прокуратурасының хабарламасында.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть