Жарияланды: 30

Қазақстанда 1800-ден аса педофил жазасын өтеп жатыр – ІІМ

Қазақстанда 1800-ден аса педофил жазасын өтеп жатыр – ІІМ Сурет - Ашық дереккөз

Педофилдер бұдан былай жазаларын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде өтейтін болады. Бұл туралы Мәжілісітің жалпы отырысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова мәлім етті. 

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. 

Анар Жайылғанова Кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату, педофилдерді қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде ұстау, оларға рақымшылық жасауды және мерзімінен босатуды болдырмау туралы Заң жобасын баяндады.

«Қылмыстық атқау жүйесінің қауіпсіздігі орташа қауіпсіз мекмелерінде бас бостандығын айыру жазасын өтеуді тағайындауға тікелей тыйым салынды. Қылмыстар субъектілерінің қауіпсіздігі барынша жоғары  мекмелерде өтеуді тағайындау туралы талап көзделді. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары үшін жазасын өтеген адамдарға әкімшілік қадағалаудың мерзімі соттылықты өтеу мерзіміне дейін арттырылды», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы. 

Өз кезегінде мәжіліс депутаты Марат Бопазов Ішкі істер министрлігіне аталған қылмыс бойынша жазасын өтеп жатқан сотталушыларға қатысты сауалын жолдады. 

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында балаларға қарсы жыныстық қылмыс жасаған қылмыскерлер анағұрлым қатаң жазаға лайық екенін атап өтті. Ұсынылған Заң жобасында осындай қылмыстарды жасаған үшін санкциялардың қатаңдатылып жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар бұл реттегі қылмыскерлер жазасын кемінде қатаң режимдегі мекемелерде өтейтін болады. Осы заң күшіне енгізілгенге дейін осындай қылмыс жасаған сотталушыларды ұстау режимі өзгере ме?», - деді депутат.

Ішкі Істер министрінің орынбасары Марат Қожаев жаңа заңның осы уақытқа дейін сотталған азаматтарға қатысы болмайтынын мәлімдеді. 

«Қазіргі уақытта сотталып мерзімдері белгілі жауапқа тартылған адамдардың жазасын өтеу мекемелері өзгермейді. Қылмыскерлерді қамауда ұстау режимі өзгермеді. Бұған дейін соттың шығарған шешімі өзгеріссіз қалады. Ал ендігі ұсталған қылмыскерлер жаңа заң бойынша жауапке тартылады», - деді Марат Қожаев. 

Сонымен қатар вице министр бүгінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмысы үшін 1800-ден аса азамат жазасын өтеп жатқандығын айтты. Олардың 1300-ге жуығы қатаң режимдегі мекемеге жабылған. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін