Жарияланды: 2000

Қазақстанда 2009 - 2011 жылдарда Жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсімі 5 - 7% деңгейінде болады деп күтілуде - Сұлтанов

Астана. 11 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда 2009 - 2011 жылдарда Жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсімі 5 - 7% деңгейінде болады деп күтілуде. Бұл туралы бүгін "2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасының Қазақстан парламентінің мәжілісіндегі тұсаукесері барысында еліміздің экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"2009 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджетті жасау барысында әлеуметтік-экономикалық дамудың базалық сценарийі негізге алынды. Онда АҚШ-тағы ипотекалық дағдарысқа байланысты белең алған ғаламдық қаржылық дағдарыстың түзетіле аяқталатындығы, әлемдік капиталдың қайта бөлінісі мен әлемдік тауар нарықтарындағы ахуалдың тұрақтанатындығы болжанған", - деді Б. Сұлтанов. "Осындай сценарий бойынша BRENT мұнайының әлемдік құны орта мерзімді перспективада барреліне $60, Жалпы ішкі өнімнің нақты өсім қарқыны 105 - 107% құрап, 2009 жылғы көлемі 17,9 трлн теңге, 2010 жылы - 20,8 трлн теңге, 2011 жылы - 24,1 трлн теңге болмақ", -деді ол. "2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасына сәйкес, 2007 жылы Қазақстанда Жалпы ішкі өнімнің көлемі 12,9 трлн теңгені құраған, ал ағымдағы жылы 15,9 трлн теңге болады деп болжанған. Өткен жылмен салыстырғанда Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 2007 жылы 8,9%, ал 2008 жылы 5,3% болмақ. "2008 жылдың бірінші жартысында Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі оперативтік мәліметтер бойынша 5,4% құрады", - деді министр. Болжам бойынша, 2013 жылы жалпы ішкі өнімнің көлемі 32 трлн теңгені, ал жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнім осы жылы 15 737 АҚШ долларына жетпек. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть