Министрдің айтуынша, «жаңа авиалайнердің келуі — «Эйр Астана» авиакомпаниясы үшін де, жалпы республикамыздың авиация саласы үшін де маңызы үлкен».
Авиапаркті жаңарту — азаматтық авиацияны дамыту концепциясын, оның ішінде, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызмет көрсету деңгейін халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізу мақсаттарын іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі.
Қазақстан экономикасының өсу үрдісі, оның әлемдегі саяси ықпалы мен іскерлік қарым-қатынас аясының кеңеюіне орай жолаушы легінің едәуір өсуі де күтілуде. 2010 жылға дейін жолаушы тасымалы төрт миллион адамға дейін өсуі мүмкін.
Осы сұранысты ескере отырып, «Эйр Астана» өз алдында жаңа міндеттер белгіленіп отыр. Солардың бірі — республикамыздың транзиттік әлеуетін пайдаланып, Азия мен Еуропа арасындағы жолаушы тасымалын қамтамасыз ету. Қойылған мақсатқа жету үшін, компания биыл «Боинг-767» екі ұшағын және «Эйрбас-320/321» екі ұшағын операциялық лизинг жолымен сатып алды. Жалпы, 2014 жылға дейін ұлттық тасымалдаушының паркі екі есе көбейіп, әуе кемелерінің саны 35-ке жетуге тиіс.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті