Бұл туралы бүгін Алматыда тұрғындардың тамақтану тәртібі мен дене белсенділігі туралы зерттеуді қорытындылау бойынша өткен баспасөз мәслихатында С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті жанындағы Диабет орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Жанай Ақанов мәлімдеді.
«Алынған деректерге сүйеніп айтар болсақ, Қазақстан халқының жартысына жуығы белсенді өмір салтын ұстанбайды десе де болады. Ал тамақтану жағдайына келер болсақ, дастарханға негізінен ет, нан және ұннан жасалған басқа да дәмді тоқаштар көп қойылады. Ал бұлар адам бойында көмірсутектің көлемін арттырады. Сәйкесінше, адамда артық салмақ пайда болады. Мұның соңы жүрек-қан тамырлары ауруларының көбеюіне әкеп соғады. Оның үстіне бізде сусын ішу ережесі де сақтала бермейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасы бойынша ересек адам күніне 2,2-2,9 литр су ішуі керек», — деді Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті, биология ғылымдарының докторы Юрий Синявский.
Ал Жанай Ақановтың айтуынша, зерттеу көрсеткендей сауалнамаға қатысқан адамдардың 41 пайызында дене салмағы көрсеткіші нормадан асып кеткен. Ал көп қозғалмайтын және артық салмақ қосқан адамдар қант диабеті ауруына шалдығуға бейім келеді.
«Қазір адамдар құрғақ тағамды көбірек жейтін болып бара жатыр. Ал тәртіп бойынша бір адам күніне судан басқа 700 грамнан астам сүт өнімдерін және 500 грамға жуық көкөніс пен жеміс-жидек қабылдауы керек. Біздің елде бұл көрсеткіш бірнеше есе төмен», — деді Ю. Синявский.
Сарапшылар бүгінгі отырыста адамдардың тамақ ішу және қимыл-қозғалысқа қатысты жағымсыз әдеттерін өзгерту бойынша жалпыхалықтық бағдарлама керектігін айтты.
Айта кетелік, әлеуметтік сауалнама Қазақстанның барлық өңірінде жүргізілген. Оған 1500 адам қатысыпты.