28 қаңтарда ҚР ТЖМ «Қазаавиақұтқару» АҚ тікұшағының көмегімен Қызылорда облысының Атаншы және Беларан ауылдық округтерінен 4 адам құтқарылды.
29 қаңтарда Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш-Ембі-Ырғыз-Шалқар» жолынан 56 көлік пен (оның 19 жүк көлігі) 117 адам қауіпсіз жерге шығарылды.
30 қаңтарда Ақтөбе облысының «Самара-Шымкент» тас жолындағы қалың қардан 274 адам (оның 7-уі бала) шығарылып, Хромтау қаласына жеткізілді. Олар 2 дәмхана мен бір кемпингке орналастырылды. Қар құрсауында 310 темір тұлпар қалған. Оның 227-сі (олардың ішіне 156 жүк көлігі) қауіпсіз жерге шығарылса, қалған 83 көлікті құтқару жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ, 30 қаңтарда Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданындағы Жамбыл және Комсомол кенттерінен 16 азамат пен 6 техника қар құрсауынан шығарылды.
Ал Қостанай облысының Жітіқара, Қамысты және Таран аудандарынан 67 адам мен 2 техника қауіпсіз жерге шығарылды.
29 қаңтарда Алакөл суда құтқару стансасының қызметкерлері боран соғып тұрғанына қарамастан, Алакөл көлінен 5 автокөлікті алып шықты. Оның ішінде 15 балықшы болған. Құтқарылғандар Шығыс Қазақстан облысының Қабанбай ауылына жеткізілді.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, зардап шеккендер жоқ.