Қазақстанда алғаш рет қатерлік ісік ауруларын жеңуге үндейтін арт-көрме ашылды - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда алғаш рет қатерлік ісік ауруларын жеңуге үндейтін арт-көрме ашылды

Қазақстанда алғаш рет қатерлік ісік ауруларын жеңуге үндейтін арт-көрме ашылды

Кеше Астанада Қазақстан тарихында алғаш рет онкологиялық ауруларға шалыққан адамдарға үміт отын сыйлап, оларды өмір сүруге ынталандыруға шақыратын арт-көрме ашылды.

  • 18 Ақпан 2023
  • 90
Фото - Caravan.kz

Онда еліміздің заманауи арт-өнерінің өкілдері Бахыт Бубиканова, Асхат Ахмедияров, Аружан Жұмабек, Мөлдір Сағындықова, Олег Зуев және Георгий Трякин-Бұхаровтардың туындылары көрермен назарына ұсынылды. Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлайды.

Елордада 17 ақпан пен 5 наурыз аралығында өтетін онкологиялық ауруларды еңсеру тарихына арналған алғашқы арт-көрме «Seniminmen» қайырымдылық қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр. Көрме ұйымдастырушылары аталған іс-шара арқылы қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдарға үміт беріп, аталған дертті қалай еңсеруге болатынын көрсеткілері келгенін айтады.

«Науқастар көп жағдайда өз диагнозын білгеннен кейін, бірден салы суға батып, қатерлі дертпен күрескілері келмей жатады. Яғни өмір сүруге, онкологиялық ауруды жеңуге деген үміттерін сөне бастайды. Бірақ қатерлік ісік – үкім емес екенін естен шығармаған абзал. Себебі қазір медицина дамыған, озық технологиялар арқылы көптеген жанның өміріне араша түсіп, оны дін аман алып қалуға болады», — дейді жобаның кураторы Оля Веселова.

Сонымен бірге көрме ұйымдастырушылары ондағы туындылардың көмегімен осы дертке шалдыққандарға ой салуды көздегендерін жеткізді. Айта кетерлігі, арт-көрмеде Бахыт Бубиканова, Асхат Ахмедияров, Аружан Жұмабек, Мөлдір Сағындыкова, Олег Зуев және Георгий Трякин-Бұхаров сынды заманауи қазақстандық арт-өнері өкілдерінің туындылары ұсынылды.

«Біздің бар мақсатымыз, аты жаман ауру болғанымен, оны жеңуге болатынын, осындай көркем өнер арқылы күйзелістен арылуға болатынын, өмірдің әр сәтінен ляззат алу қажеттігін көрсету болды. Осы тұрғыда көптеген туындылар көргендеріңіздей ұсынылып отыр», — дейді көрме ұйымдастырушылары.

Көрмеде онкологиялық дертке шалдыққан жандардың тағдыры туралы деректі фильм ұсынған жандардың бірі, фотограф — Олег Зуев. Ол осы туынды арқылы көпке өмірдің мән-мағынасын түсінуге, әр сәтті бағалауды үйренуге шақытарытын жеткізді. 

«Мен үш кейіпкер бар деректі фильм әзірледім. Біз олармен бірге бірнеше күнді бірге өткіздік, кейіпкерлер үй жұмысы, сүйікті ісін көрсетті. Үшеуінің де ортақ мүддесі – өмірде өзі қалаған мақсатты кейінге қалдырмай, қазір жасауды түсіну болды. Алайда олардың мінезі, диагноздары да әр түрлі. Бұл деректі фильмді түсіруде жоба кураторы бізге бағыт-бағдар берді. Бастысы туындым адамдарға ой салды деген ойдамын», — дейді фотограф Олег Зуев.

Сол сияқты көрменің ашылу салтанатында Аружан Жұмабек есімді мүсіншінің де еңбектері көрермен назарына ұсынылды.

«Бүгін мен көрмеде 1 инсталляция мен 3 графика ұсынып отырмын. Маған куратор осы көрме жайлы айтқанда, кейінгі кезде мен зерттеп жүрген тақырып – адам мүсіні, ағзасының өзгеру тақырыбымен тұспа-тұс келетінін түсіндім. Маған кішкентайымда ауырғанымда әжем денемді маймен сылап, қалың көрпемен қымтап, жатқызып қоятын. Сол кезде маған әжем бойдағы жамандықтың, аурудың бәрі осылай термен, жылан сияқты шығатынын айтқан еді. Осы естелік менің ойымда қалыпты. Осылайша осы көрмеге қатысып, өз еңбектерімді ұсынуды жөн көрдім. Мәселен, менің туындым папье машеден техникасымен жасалған. Бұл әдісте қағаз қолданылатындықтан, ол өте нәзік, десе де егер барлық ережелерін сақтап жасаса, ол біздің денеміз сияқты берік болмақ. Яғни көргендеріңіздей мұндағы жіптер аурудың тамырлар арқылы өн бойымызға енетінін немесе сол тамырлар арқылы ағзадан шығатынын аңғартады. Жалпы менің еңбектерімнің көпшілігі абстрактылы пішінде», — дейді заманауи арт-өнерінің өкілі Аружан Жұмабек.

Көрмеде сондай-ақ қатерлі дертпен бірнеше жыл бойы күресіп келе жатқан Бахыт Бубиканованың еңбектері де қойылды.


«Мен бұл инсталляцияны арнайы осы көрме үшін істедім. Бұл инсталляцияда менің өз оқиғам бар, себебі мен 2016 жылдан бастап қатерлі дертпен күресіп келемін. Мен сырқатты кеш анықтағаннан бастап, емделу, ем алудан кейінгі барлық кезеңдерді басымнан өткердім. Бұл дертті әрине ешкім өзіне тілеп алмайды, сондықтан да болар адамдар онымен алғаш рет бетпе-бет келіп жатқанда, өмірінің астаң-кестеңі шығып, қайда барып, не істерін білмей жатады. Бәрінен бұрын қорқыныш деген қиын. Себебі дәрігерлердің өзі дәл солай айтып, адамды шошытып қояды. Сондықтан өз тәжірибемнен айтайын дегенім, адамдар ештеңені бағаламай, мәселен балалардың өсуі, өзіңнің өміріндегі қуанышты, бақытты сәттерді бағаламай, көп қателіктерге жол беріп жатады. Егер өміріңізге қатерлік ісік деген ауру келіп, «Болды, сенің өмірің бітті» десе не дер едіңіз? Арманыңыз, алдыға қойған мақсаттарыңыз бәрі жайына қалады ғой? Сөйтіп осы ауру өміріңді дендеп, басқарып алады. Ал қалғанының бәрі екінші орында қалады. Бастысы осындайда жаңағыдай қорқыныштың жетегінде кетпей, керісінше, өмірде ол аурудан мықты екендігіңізді көрсетіп, адамдар оны жеңіп шығамын деп жігерленсе, олардың ағзасы бұл ауруды жеңе алатын еді», — дейді Бахыт Бубиканова.

Еске салсақ, қазіргі таңда Онкология және радиология ҚазҒЗИ мәліметтері бойынша, адамдарда сүт безі обыры, өкпе және бронх обыры, колоректальды қатерлі ісік, асқазан, жатыр мойны, өңеш, қуық асты безі, бүйрек, аналық без, ұйқы безі, эндометрия және бауыр қатерлі ісіктері өте жиі кездесетін көрінеді. 

Осыған орай, «Seniminmen» жеке қоры гематологиялық, онкологиялық, иммунологиялық және басқа да ауруларға шалдыққан балалар мен ересектерге, денсаулығында мүмкіндіктері шектеулі балалар мен ересектерге, олардың отбасыларына, саналы және салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосатын әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайырымдылық қызметін көрсетумен айналысады.

Сонымен бірге аталған іс-шараның ұйымдастырылуына Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, Астана қаласының Ұлттық онкология ғылыми орталығы, «UMIT» халықаралық онкология томотерапия орталығы, Mediker Healthcare орталықтары атсалысқан.