Жарияланды: 2800

Қазақстанда ақбөкен қорғау жөніндегі құқықтық-нормативтік құжаттар жобасын жасау қажет - "Аңшылық-зоологиялық өнеркәсіп" АҚ-ның өкілі

Қазақстанда ақбөкендерді жойылып кетуден қорғау жөніндегі құқықтық-нормативтік құжаттар жобасын жасау қажет. Бүгін, 1-сәуірде ақбөкендерді сақтап қалу проблемасына орай Алматыда өткен семинарда "Аңшылық-зоологиялық өнеркәсіп" АҚ-ның ғылыми-құқықтық тобының жетекшісі Александр Шустов осындай пікір білдірді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

А.Шустовтың айтуынша, "дәл бүгінгі жағдайда күш-қуаты жағынан қазіргі табиғат қаскөйлеріне төтеп бере алатындай деңгейде аңдарды қорғау жүйесін құрудың өзектілігі артты". Қазақстанда қазір браконьерлерге бақылау қою жөніндегі 8 мобильді топ жұмыс істейді, деді А.Шустов. Ақбөкендерді қорғау жөніндегі бағдарламаның үйлестірушісі Элеанор Джейн Милнер-Гулландтың айтуынша, "бірінші кезекте ақбөкендер таралған аймақтардың тұрғындарымен жүргізілетін жұмыстарды пәрмендендіру қажет. Оларға хайуандар санын арттыру нәтижесінде оның еті мен мүйізін жариялы түрде алып пайдалануға, соның арқасында көбірек ақша табуға мүмкіндік туатынын түсіндіру керек". Ғалымдардың пайымдауынша, қазіргі таңда ақбөкендердің жайылым ауыстыратын елдері санатындағы Қазақстан, Түрікменстан, Ресей мен Өзбекстан арасында аталмыш аңдарды қорғау жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қоятын мерзім жетті. ҚР зоология институтының профессоры Аманқұл Бекеновтың айтуынша, "елімізде ақбөкендердің қыстауына айналған Ырғыз-Торғай және Бетпақдала өңірлерінде айрықша қорғаудағы аумақтар құру қажет". Ғалымдардың мәліметіне жүгінсек, заңсыз атып алу көріністерінің көбеюі салдарынан ақбөкендер қазір біржола құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Шығыс медицинасында құнды шикізатқа саналатын еті мен мүйізі үшін дала киігі беталды атылуда. 1955-1998-жылдар аралығында Қазақстанда 5,5 млн. ақбөкен атылып, 90 мың тонна ет пен 250 тонна мүйіз алынды. Ал аталмыш өнімдерді заң жүзінде өндіруден жыл сайын 3 млн. доллар пайда түседі. Қазақстанда Бетпақдала, Үстірт және Орал ақбөкені деген үш популяция бар. 1998-жылы елімізде 470 мың ақбөкен тіркелсе, 2003-жылы олардың саны 21 мыңға дейін кеміді. 2003-жылдың сәуір айынан бері Қазақстанда Лондон университетінің Империялық колледжі мен Қазақстан зоология институтының ұйымдастыруымен ақбөкендерді құтқару жөніндегі халықаралық жоба жүзеге асырылуда. 3 жылға есептеліп, 200 мың долларға бағаланған бұл жобаны Ұлыбритания үкіметі қаржыландырып отыр. Бұл жоба Ұлыбританияның "Дарвин бастамалары" бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Бағдарлама қаржысы тапшы елдерге биологиялық түрлерді сақтап қалуға қолұшын беруге арналған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін