Жарияланды: 1600

Қазақстанда кәмелет жасқа толмаған жүкті қыздардың көбеюінің себебі неде?

Қазақстанда кәмелет жасқа толмаған жүкті қыздардың көбеюінің себебі неде?

Қыз баланы тәрбиелеуге қазақ халқы ерекше көңіл бөлген. Өйткені қыз бала дегеніміз - болашақтың анасы.

Қыз тәрбиесі - қоғам тәрбиесі. «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» деп өскен халық қызын еркелетіп, бетінен қақпай өсіріп, сонымен бірге жөнімен ақыл айтып, жөн сілтеп отырған.

 «Қызға қырық үйден тыйым», «Қыздың жолы жіңішке» деген өсиет сөздер осыдан қалса керек.

Сол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәрбие қазіргі қыздарға беріліп отыр ма? Абай атамыз «Жаман тәрбие - болашақтағы қайғыңыз» деген. Қыздың абыройы мен ары - бүкіл елдің абыройы мен ары. Қыздарымыздың қазіргі тәрбиесі, Абай атамыз айтпақшы, бүкіл болашағымыздың қайғысы болып отыр. Оған дәлел - оң жақта отырып жүкті болып жатқан қарагөз қыздарымыздың санының артуы.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің мәліметінше, елімізде 2015 жылдың 1 шілдесінде 2420 кәмелетке толмаған жүкті қыз тіркеліпті. Олардың жасы - 15 пен 18 аралығында.

Департаменттің хабарлауынша, Қазақстанда кәмелетке толмаған жүкті қыздардың үлесі 1,2 пайызға жеткен. Кәмелетке толмаған жүкті қыздардың 1,9 пайызы Қостанай облысында тіркеліпті. Одан кейін 1,8 пайызы Жамбыл облысында, 1,7 пайызы Солтүстік Қазақстан облысында екен. Ал еліміздегі ең жас ана Солтүстік Қазақстан облысында, оның жасы - 13-те.

Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыста 467 кәмелетке толмаған жүкті қыз тіркеуде тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі: «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жүкті әйелдердің және фертильді жастағы әйелдердің порталындағы электронды базасындағы 2015 жылдың 1 қаңтарынан 2015 жылдың 20 шілдесіне дейінгі статистикалық мәліметтерге сәйкес, жүктілік есебінде кәмелетке толмаған 467 жүкті қыз тұр. Олардың ішінде 14 жастағылар - үшеу, 15 жастағылар - 25, 16 жастағылар - 118, 17 жастағылар - 321», - деген мәлімдеме жасады.

Бұл шілде айындағы жағдай бойынша. Қазір оның саны арта түспесе кеміген жоқ. Оған соңғы күндері жарияланған Ақтөбедегі оқиға дәлел болып отыр, Ақтөбе облысында 2015 жылы кәмелет жасқа толмаған 86 қыз жүкті екені белгілі болды, оның 63-і - мектеп оқушылары.

Бұның соңы жүктілікті мерзімінен бұрын үзуге немесе тастанды балалар санының артуына алып келіп жатыр.

Мұндай проблемалардың белең алып отырғанынын басты себебі - қыз балаға дұрыс тәрбиенің берілмеуі. Қазірде тәрбиесіздердің көп болуы балаларымыздың ата-анасына емес ғаламтор мен теледидарға жақын болуынан болса керек. Кейбір әке-шеше нәпақа табу үшін үй бетін көрмесе, кейбір ата-аналардың өздері теледидар мен ғаламторға тәуелді болып отыр. Ал ұлы ержетіп, қызы бойжеткен кезде олардың теріс қылықтарын көріп, ойбай сала бастайды. Ол кезде, әрине, кеш болады. Бала тәрбиесі бесіктен басталады емес пе?!

Қыз тәрбиесі - ұлтымыздың ұяты. Бүгінде жалаңаштанып, езуінен темекі,  қолынан сыраның бөтелкесі түспейтін қыздарды көріп таңғалмайтын болдық. Бұған кім кінәлі? «Қоғам, уақыт, ХХІ ғасыр» деп барлық кінәні осы үш сөзге артып, өзімізді ақтап алып жүрміз.

Түптеп келгенде, бар кінә өзімізден, үйдегі тәрбиеден. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақылдың артына көп нәрсе жатыр. Олай болса, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлуді қазірден бастайық, қазақ баласы!

Сөз соңында Әзілхан Нұршайықов ағамыыздың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасында берілген «Қыздарға кеңесін» ұсынып отырмыз:

Қыздар!
1) Егер сүйген жігіттеріңе сүйікті жар боламын десеңдер,еңбекшіл болыңдар!
2) Егер ата-енеге қымбатты келін боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
3) Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
4) Өздеріңді алақанға салып әлпештеп отырған қоғамға адал перзент, асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
5) Егер ертең, егде тартқанда, келісті ана, кемеңгер әже боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар!
Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы болыңдар!
Ең алдымен еңбекшіл болыңдар! Еңбекшіл адам - ең ардақты адам. Дүниеде ең сұлу әйел - еңбекшіл әйел. Еңбекшіл әйел - ерге сүйікті, елге сүйкімді, отбасыға сыйлы.
...Өңді қыз өтімді қыз болғанымен, түптің түбінде есті, еңбекшіл қыз ғана жақсы жігітті өкіндірмей ең асыл жар, жан серік бола алады.
Қыздар!
Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар!
Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!
... Апиын ішкендей елтіп, сәнге еліктей бермеңдер. "Жылтырағанның бәрі алтын емес" дегендей,жарқырағанның бәрі бірдей сән емес. Олардың ішінен тек өз бойыңа қонымдысын, өз денеңе жарасымдысың, сырт көзге де оғаш көрінбейтін ұнамдысы ғана сән. Ендеше, өздеріңе не жарасып, не жараспайтынын біліңдер.

Көрсеқызар болмаңдар!
Қол жетпеске тыраштанбаңдар!
Құр сәнқойлықтан сақтаныңдар. Сананы сәнге емес, сәнді санаға бағыныңдар.
Қыздар!
Желкілдеген жеңілтек болмаңдар! Желпілдек қызды жебір жігіттер жентектеп ауыздарына бір-ақ құлғыта салуға құмар келетінін ұғыңдар, ұмытпаңдар... Сабырлы болыңдар, салиқалы болыңдар, салауатты болыңдар, қарақтарым!
Қыздар!
Сұқ көзден сақтаныңдар. Сұлу сөзден сақтаныңдар. Шынайы махаббат мақтауды қажет қылмайды. Орынсыз мақтаудан сақтаныңдар, абыройдан аттаудан сақтаныңдар!
Пәк болыңдар!
Пәк болу үшін сақ болыңдар, бауырларым!
Алайда, қазір сендердің жігіттерден көз алмайтын, жігіт жаққа қарайлап көп қарайтын шақтарың ғой бұл кез. Қарағанда олардың сыр сиқына, киген киіміне, ресторанда қалталарынан шытырлатып шығарған ақшаларына қарамаңдар, қарақтарым. Өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейтіні сияқты, жылтырағанның, жымыңдағанның, жылпылдағанның бәрі бірдей жақсы жігіт бола бермейді. Жаман жігіт болғанымен, жақсы жар бола бермейді. Сондықтан жігіттерге қарағанда олардың ішкі дүниесіне үңіліңдер, адамгершілік, азаматтық сапасына көз жүгіртіңдер...
... Жігіт таңдағанда көңіліңнің қос қанаты ақыл мен сезімді тең ұста. Тек сүйген жанға ғана қосылу қажет, қосылған жігітіңді өмір бойы сүйіп өтетініңе кәміл сенімің болсын. Өзімшіл, өркөкірек жігіттердің өкінішке ұрындыратынын ұмытпаңдар. Жаман жолдастан жалғыздық жақсы...

                                                                                                                                                               Гүлден Оспанова

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін