Жарияланды: 900

Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру аясына бүлдіршіндердің 19 проценті ғана қамтылған - ҚР білім және ғылым министрі

Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру аясына бүлдіршіндердің 19 проценті ғана қамтылған. Алайда, жобасы қазір белсенді талқыланып жатқан Қазақстан Республикасындағы білім беру саласын дамытудың 2015-жылға дейінгі тұжырымдамасы бұл келеңсіздікті жоюы тиіс. Бұл туралы бүгін, 14-қаңтарда Павлодар облыстық педагогтарымен кездесуде ҚР білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев мәлімдеді.

Кездесу барысында Ж.Құлекеевтің атап көрсеткеніндей, тұжырымдама жобасын талқылау үшін Өскемен, Семей және Павлодар сынды еліміздің солтүстік үш аймағы таңдалуының өзіндік себептері бар. Аталмыш аймақтардың мектеп түлектері тестілеу барысында тұрақты жоғары біліктілік деңгейін көрсетіп келеді. Дейтұрғанмен, Ж.Құлекеевтің айтуынша, білім беру саласына жаңартулар айрықша қажет. "Кеңестік жоспарлы экономика сөз қайтармайтын иі жұмсақ адамдарды дайындады. Ал қазіргі балалар мүлдем өзгеше. Халықаралық білім беру стандарттары да түбірімен өзгерді. Осыған сәйкес білім беру процессіне деген көзқарас та түбегейлі өзгеруі тиіс",- деді министр. Әлемдік статистикаға сілтеме жасаған министр дүниежүзі елдерінің 86 процентінде 12-жылдық білім беру жүйесі жұмыс істейтінін хабарлады. Бұнымен шектелмей, 256 елдің 25-інде тіпті 13-жылдық білім беру үрдісі қалыптасқан, ондағы балалар 5 жастан бастап мектепте оқиды. Тұжырымдама жобасына сәйкес, Қазақстанда мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі және кәсіптік деген бірнеше деңгейден құралған 12 -жылдық білім беру жүйесін енгізу көзделіп отыр. "Мектепке дейінгі білім беру аясында балаға міндетті түрде балабақшаға бару талабы қойылмайды, бірақ ол міндетті түрде түрлі оқыту бағдарламаларына қамтылған болуы тиіс",- деп пайымдайды министр. Тұжырымдама бойынша жаңа балабақшалар салудың орнына, 5-6 балаға есептелген отбасылық балабақшалар ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ, жаңа тұжырымдама аясында 150 және одан да аз оқушысы бар ауылдық мектептердегі білім беру сапасына қатысты өзекті проблеманы шешу де қарастырылған. "Осындай мектептердегі білім беру сапасы басқа орта мектептердегі білім беру сапасынан анағұрлым төмен",- деді Ж.Құлекеев. Арнаулы орта және жоғары білім беру саласында да өзгерістер болуы тиіс. 9-класс бітірген оқушылар одан әрі үш бағытта, атап айтсақ, ғылыми, қоғамдық-гуманитарлық және техникалық деген профильдік бағыттарда оқуын жалғастырады деп күтілуде. Министрдің хабарлауынша, бүгінде елімізде кәсіптік-техникалық мектеп оқушыларының саны 1990-жылғымен салыстырғанда 5 есе азайған. Болашақта кәсіптік-техникалық мектептер санын ұлғайту жоспарланған. Ал жоғары білім беру саласында керісінше, қысқарулар жүргізіліп, жоғары оқу орындарын өзара біріктіру жүзеге асырылады. Қазір елімізде 173 жоғары білім ошағы мен 108 филиал жұмыс істеуде. Министрдің хабарлауынша, алдағы 3 жылда елімізде 600-ден астам жаңа мектеп салынады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін