Бұл туралы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.
«Құрметті әріптестер, сіздер жеке куәліктің күңгірттігіне, фотосуреттің түрлі-түсті еместігіне байланысты ескерту жасаған болатынсыздар. Біз бұл ұсыныспен бір жыл бойы жұмыс істедік. Жаңа қондырғылар сатып алдық. Қажет жеріне өзгерістер енгізіп, жеке куәліктің жаңа нұсқасын жасап шықтық», — деді ол дүйсенбі күні мәжілісте өткен «үкімет сағатында» депутаттарға.
Министрдің айтуынша, жаңа үлгідегі жеке куәліктер желтоқсан айынан бастап берілмек.
«Жеке куәліктің бағасы өзгермейді. Оған түрлі-түсті сурет жапсырылады. Галлографиялық фотосурет құжаттың қорғаныс деңгейін арттырады (…). Онда еліміздің туы мен елтаңбасы, Қазақстан картасы да лайыфқты орнын тапқан. Біз оны мемлекеттік құрылымдармен бірге талқыладық. 1-желтоқсаннан бастап азаматтарымызға жаңа үлгідегі куәліктер беріле бастайды», — деді Қ.Қасымов.