«Біз 8 бапқа жауапкершілікті күшейту туралы түзету енгіздік. Жазаны жаппай күшейтіп жатқан жоқпыз. Біз негізінен жолдағы өлім-жітім мен мүгедектікке әкеп соқтыратын баптарды ғана өзгертіп жатырмыз. Соның бірі – жылдамдықты шектен асыру. Жол апатының 23 пайызы осының кесірінен болады», — деп сәрсенбі күні Астанада өткен баспасөз мәслихатында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Қанат Сәдуақасов мәлім етті.
«Жауапкершілікті күшейту шаралары нәтиже бере бастағанын тәжірибе көрсетіп берді. Жол ережесін бұзу фактілері едәуір азайды. 2012 жылға дейін тұрақты түрде төмендей бастады. 2012 жылдан бері қарай көбейе бастады. Сондықтан осындай өзгерістер енгіздік», — деп қосты Қ.Сәдуақасов.
«Мас күйінде көлік тізгіндегендер бірінші рет 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Екінші рет оның куәлігі 6 жылға тәркіленіп, өзі 15 тәулікке қамалады. Ал, үшінші рет көлік айдау құқығынан 10 жылға айырылып, өзі 30 тәулікке әкімшілік тұтқынға алынады», — дейді ол.
Басқарма бастығының айтуынша, қазір әкімшілік полиция бөлімшелерінің бәрі де бейне-тіркеу құралдарымен жабдықталған. Бұл басшылардың он-лайн режимінде бақылау жүргізуіне мүмкіндік береді, дейді ол.
«Яғни, қазір бізге бұл құралдарсыз жұмыс істеуге тыйым салынған. Кеште бөлімше командирлері жазбаларды қарап шығады», — деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, Әкімшілік заң бұзушылықтар кодексінің жаңа нұсқасында жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлды 7 күн ішінде төлегендерге 50 пайыз жеңілдік беру қарастырылған.
Жаңа заң 2015 жылдың 1-қаңтарында күшіне енеді.