Сондай-ақ Үкімет тарапында да бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алып, жергілікті атқарушы органдарда жаңа тағайындаулар болды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және басқа да кадрлық өзгерістерге шолу жасайды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы міндетін уақытша атқару жүктелді. К.Мәсімов 1965 жылы туған. Пекин тілдер институтын, Ухань университетінің Заң институтын (ҚХР), Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, АҚШ-тың Колумбия университетінде тағылымдамадан өткен. Экономика ғылымдарының докторы. Ағылшын, қытай, араб тілдерін еркін меңгерген. Еңбек министрлігінің бас экономисі, бөлім бастығы, Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің Үрімші қаласындағы (ҚХР) өкілдігінің аға маманы, Қазақстанның Гонконгтағы сауда үйінің атқарушы директоры болып жұмыс істеді. Алматы сауда-қаржы банкінің, Қазақстанның Халықтық жинақтаушы банкінің басқарма төрағасы болды. Көлік және коммуникация министрі, Президенттің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, республика Премьер-Министрінің орынбасары қызметтеріне тағайындалды. 2007 жылғы қаңтардан 2012 жылғы 24 қыркүйекке дейін — Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі. 2012 жылғы 24 қырүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметіне тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы қызметіне Оразбақов Ғалым Ізбасарұлы келді. Ол 1964 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын тәмәмдаған. Баға және монополияға қарсы саясат мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы, басқарма бастығы, ҚР Үкіметі аппаратының Экономикалық саясат бөлімінің консультанты, кейіннен сектор меңгерушісі болып тағайындалды, ҚР Көлік және коммуникация министрінің орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңес хатшылығының меңгерушісі болған. ҚР Экономика және сауда вице-министрі, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ президенті, ҚР Индустрия және сауда министрі, Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған. Соңғы қызметі — Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігіне бұған дейін ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы болған Болатбек Қуандықов басшы болып келді. 1969 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. 1996 жылдан ҚР Ұлттық банкі Қызылорда облыстық басқармасының бастығы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, ҚР Бюджеттік жоспарлау және экономика департаментінің директоры, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған. 2008 жылдың мамырында Қызылорда облысының әкімі қызметіне кіріссе, 2013 жылдың қаңтарынан ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы болған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 22 қаңтардағы № 18 Қаулысымен Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Төрағасының орынбасары болып Абдақасов Ерлан Сатыбайұлы тағайындалды. Е. Абдақасов жоғары білімді, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Карағанды қаласының «Болашақ» өзекті білім институтын бітірген. Еңбек қызметін 2003 жылы Қарағанды облысы әкім аппаратының жетекші маманы лауазымынан бастаған. 2006 — 2007 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Діни істер комитетінің бас маманы, бөлім бастығы. 2007 жылдан 2014 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының сарапшысы, бас сарапшысы, кеңесшісі, сектор меңгерушісі болды.
Сондай-ақ осы аптада Астанада Білім басқармасының жаңа басшысы тағайындалды. Бұл қызметті Эльмира Суханбердиева атқаратын болды. Эльмира Суханбердиева 2009 жылдан бастап Астана қаласы № 60 мектеп-лицейінің директоры болып істеген. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Іскер әкімшілік ету магистрі. 2012 жылдың қаңтарында бесінші шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының депутаты болып сайланды. Еңбек жолын тарих мұғалімінен бастады. Директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, Алматы облысы Іле ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлық жұмыстарының бас маманы, Алматы облысы Іле ауданы орта мектебінің директоры, «Қазақстан» республикалық телерадиокомпаниясы» АҚ аппаратының басшысы қызметтерін атқарды.
Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевтің өкімімен Игембаев Төлеген Боранбайұлы «Б» кадрлық резервінен Өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды. Т. Игембаев 1975 жылы туған. Екі жоғары білімі бар, 1996 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін тәмамдады, біліктілігі бойынша — экономист, заңгер. 1997 жылдан 2000 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасында жұмыс істеді. 2000 — 2002 жылдары ел Парламенті Сенатында консультант болды. 2002-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде алдымен консультант, кейін бас сарапшы болып істеді. 2003-2004 жылдары Астана қаласының Салық комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Коммерциялық құрылымдарда да жұмыс тәжірибесі бар: «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бас менеджер болды, «Біріккен химия компаниясы» ЖШС еңбек істеді. 2012 жылдың сәуір айында Қарағанды облысы әкімінің аппараты индустрия мен шағын және орта бизнесті дамыту бөлімінің басшысы болып тағайындалды.
Соңғы тағайындау, «Қазақстан инжиниринг» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның директоры қызметіне Әуез Байдабеков тағайындалды. Ә.Байдабеков — техника ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық машина жасау және көлік ғылым академиясының академигі. Қазақ политехникалық институтын, Киев инженерлік құрылыс институтын, Мәскеу авиациялық институтын бітірген. 5 оқулықтың, 10-нан астам оқу-әдістемелік көмекші құралының авторы. 130-дан астам жарияланымы, 4 монографиясы жарық көрген.