Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 479.26
  • 546.21
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың Өкімімен Қазақстан Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі тағайындалды.

  • 10 Мамыр 2014
  • 603
Фото - Caravan.kz

Сондай-ақ өңірлерде де бірқатар кадрлық-ауыс түйіс орын алып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Оңтүстік Қазақстан облыстық аймақтық филиалының жаңа басшысы қызметіне кірісті. ҚазАқпарат апта ішінде орын алға осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Сонымен, Мемлекет басшысының Өкімімен Серік Салауатұлы Қожаниязов Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар ол Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың бұйрығымен өңір басшысының орынбасары қызметіне де кірісті.

С.Қожаниязов 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Кузбасс политехникалық институтын — инженер-механик және Н.Л. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетін — экономист мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда жөндеу-механикалық зауытында инженер-технолог ретінде бастаған. 2001-2004 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының индустриялық даму бөлімінің меңгерушісі, 2005-2007 жылдары Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры, 2007-2008 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, 2008-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмысы және өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. 2012 жылдан осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі лауазымында қызмет атқарып келді.

Сондай-ақ осы облыста Жалағаш пен Шиелі аудандарының жаңа әкімдері тағайындалды.

Ендігі уақытта Жалағаш ауданын басқаратын Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы 1973 жылы дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтын, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Еңбек жолын Жалағаш аудандық жасөспірімдер спорт мектебінде дене шынықтырушы ретінде бастаған. 1994-1998  жылдары Жалағаш аудандық білім бөлімінің есепшісі, 1998-2004 жылдары Жалағаш ауданы әкімі аппаратының экономика және кәсіпкерлікті қолдау секторының бас маманы, 2004-2006 жылдары Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім бастығы, 2006-2011 жылдары Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 2011 жылдан бастап Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Ал Шиелі өңірін басқару тізгінін қолға алған Сәрсенбаев Қайратбек Әубәкірұлы 1961 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын — инженер-гидротехник, Қазақ ауылшаруашылық институтын — ауылшаруашылық кәсіпорындардың ұйымдастырушысы-экономист,  Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін — экономист-бухгалтер мамандықтары бойынша бітірген.  Еңбек жолын 1983 жылы Сырдария аудандық суландыру жүйелері басқармасының инженері ретінде бастаған. 1986-1996 жылдары Сырдария аудандық комсомол комитетінде, Халықтық бақылау комитетінде және Халық депутаттары аудандық кеңесінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 1996-1999 жылдары «Қазагропромбанк» АҚ Сырдария аудандық бөлімшесінің басқарушысы, Сырдария ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Қызылорда облысы әкімінің аппаратында бөлім меңгерушісі, 1999-2012 жылдары Сырдария ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды. 2012 жылдан осы кезге дейін Қызылорда облысының қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Осы аптада ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметовтің  өкімімен Талғат Бөлтенов облыс әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. Ол 1970 жылы туылған. Көкшетау ауыл шаруашылығы институтын, Есеп және статистика республикалық салааралық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын 1988 жылы бастаған ол 1996-1999 жылдары коммерциялық салада түрлі қызметте істеді. 1999 жылдан — мемлекеттік қызметте. Бас маман қызметінен, бөлім меңгерушісі, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Соңғы жұмыс орны — облыстық қаржы басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.

Павлодар облысында да кадрлық өзгеріс орын алды. Атап айтқанда, өңір басшысы Қанат Бозымбаевтың  бұйрығымен Олжас Шарапиденов  облыстық қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалды. О.Шарапиденов 1980 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын Павлодар облысының облыстық басқармаларынан бастаған. Орталық мемлекеттік органдарда қаржы саласында еңбектенген. 10 жылдан астам уақыт бойы ҚР Көлік және коммуникация, Экономика және бюджетті жоспарлау, Әділет министрліктерінде қызмет атқарған.


ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева «ҚазАгроИнновация» АҚ ұжымына  жаңа басқарма төрағасын  — Сатыбалдин Әзімхан Әбілқайырұлын таныстырды. Осыған дейін Әзімхан Әбілқайырұлы ҚАИ АҚ Басқарма Төрағасы міндетін уақытша атқарушысының орынбасары болған. 

Сатыбалдин Әзімхан Әбілқайырұлы 1959 жылы Жамбыл облысы Талас ауданының Ақкөл ауылында туған. Қазақ ауылшаруашылық институтын тәмамдаған. ҚР Президенті Әкімшілігінің экономикалық саясат бөлімі бастығының бірінші орынбасары, Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығының бас директоры, Аграрлық ғылымдар бойынша Ғылым академиясының вице-президенті, ҚР Ғылым министрлігі Ғылым академиясының вице-президенті, ТҚХК түрік тілді елдердің интеграциялық байланысын зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарған.  2007 жылы мамырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Жамбыл облыстық аумақтық басқармасының бастығы — Тәртіптік кеңестің төрағасы болып тағайындалған.

Апта ішіндегі соңғы тағайындау, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің бұйрығымен Төлтебай Жарқынбек Қастайұлы қауымдастықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалының бастығы болып тағайындалды. Жарқынбек Қастайұлы 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданындағы Атбұлақ ауылында туған. 1989-2004 жылдары Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Еңбек жолын 1984-1989 жылдары Күйік кеңшарында жұмысшы болып бастаған ол 1989-1994 жылдары өзі білім алған Атбұлақ орта мектебінде пионер жетекшісі, мұғалім болды. 1991-1999 жылдары «Өркен» өндірістік корпоративінің төрағасы, 1999-2008 жылдары «Жебе» баспа үйінің директоры; 2008-2009 жылдары «Шымкент келбеті» қалалық газетінің бас редакторы, ал 2009 жылдан бері «Жебе» баспа үйінің директоры, «Мектеп», «Жас ғалым» журналдары мен «Алтын ұя» газетінің бас редакторы, «Қазығұрт» журналының аға редакторы және бірнеше газет-журналдардың ұйымдастырушысы. 1989-1991 жылдары «Жаңғырық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 1991-1995 жылдары «Мешіт» қайырымдылық қорының төрағасы, 1995-2001 жылдары «Ақбура» қоғамдық қорының төрағасы болды. 2001 жылдан «Киелі Қазығұрт» қоғамдық бірлестігінің директоры, «Алтын жебе» халықаралық фестивалінің директоры, «Руханият Шымкент» корпоративтік қорының төрағасы болып қызмет етті.