Қазақстандағы халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарды тексеру барысында олардың айтарлықтай бөлігінің талапқа сай еместігі анықталды. Бүгін Қазақстан Жолшылар одағы осылай деп мәлімдеді.
«Олардың 43,1%-ында (9087 км) жол бетіндегі төсем бүлінген. 11,9%-ы (2 504 км) қауіпті, 824 мың 900 шаршы метр учаске ойлы-шұңқырлы болып келеді. Жолдардың 6,5 мың шақырымында сызық сызылмаған», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жолдардың 30,6 пайызы қирап біткен және күрделі жөндеуді қажет етеді, 22 пайызы орташа жөндеу (4639,1 км), 49,7%-ы ағымдағы жөндеу (8175,2 км) жүргізуді талап етіп отыр. Ал, облыстық және жергілікті жолдардағы жағдай бұдан да жаман, делінген хабарламада.
Одақ сарапшыларының пікірінше, жолдардың мұндай жағдайға душар болуына жөндеу мен күтуге бөлінетін қаржының жеткіліксіздігі себеп болып отыр. «Қазақстанда бекітілген нормативтерге сүйенсек, 2013 жылы халықаралық және республикалық жолдарды күтуге және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 41 млн 874 мың теңге бөлінуі тиіс болатын. Іс жүзінде оның тек 7787 млн теңгесі бөлінді (17%)», — дейді сарапшылар.
Осыған орай, одақтағылар КСРО кезіндегідей Жол қорын қайта жандандыруды ұсынып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, «Қорды жолдарды пайдалану салығы, бензин мен дизель акциздері, Қазақстан республикасы аумағына транзитпен кіру және шығу ақысы, түрлі деңгейдегі бюджеттерден ақша бөлу арқылы қаржыландыруға болады».