Жарияланды: 440

Қазақстандық шекарашылар өткен апта ішінде контрабандалық 16 әрекетке тосқауыл қойды

Қазақстандық шекарашылар өткен аптада түрлі жүктерді шекарадан жасырын алып өтуге қатысты 16 әрекетке тосқауыл қойды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз орталығынан хабарлады.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы "Ауыл-авто" бекетінде шекарашылар "Тойота-Королла" автокөлігімен Қазақстаннан Ресейге бет түзеген екі ресейлік азаматты ұстады. Көлікке тексеру жүргізу нәтижесінде шекарашылар Германияда өндірілген дәрі-дәрмек салынған 11 қорап пен діни сипаттағы 30 кітап тәркіледі. Осы дерекке байланысты іс пен жүктер кеден қызметкерлеріне табыс етілді. Сондай-ақ, тағы да осы Шығыс Қазақстан облысындағы "Жезкент" шекаралық бекетінде шекарашылар екі бірдей "МАЗ" автокөлігімен Қазақстаннан Ресейге тексеру бекетін айналып өту арқылы тасымалданған күнделікті тұтыным тауарлары партиясын ұстады. Жүкті тасымалдаушылардың қолында жүк тасуға рұқсат беретін құжаттар болмаған. Қытайда өндірілген күнделікті тұтыным тауарларының тағы бір ірі партиясы Ақтөбе облысында қолға түсті. Қазақстандық және Ресейлік екі азамат 8 тонна жүкті заңсыз жолмен Қазақстаннан Ресейге шығарып әкетпекші болған. Осы дерекке байланысты іс пен жүктер Ақтөбе облыстық кеден басқармасына табыс етілді. Батыс Қазақстан облысында "Жақсыбай" күзет бекетінің шекарашылары Таловка елдімекенінің аумағында Ресейге 10 тонна қара металл қалдықтарын шығарып әкетуге әрекет жасаған екі Қазақстан азаматын ұстады. Жүк "Жәнібек" кеден бекетінің қызметкерлеріне табыс етілді. Жалпы алғанда өткен аптада Қазақстандық шекарашылар мемлекет шекарасын бұзған 312 адамды ұстады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін