Қазақстаннан шыққан олимпиада чемпиондары - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстаннан шыққан олимпиада чемпиондары

Қазақстаннан шыққан олимпиада чемпиондары

Мюнхен Олимпиадасы (1972 жыл)

  • 5 Желтоқсан 2017
  • 30835
Фото - Caravan.kz

Әлжан Жармұхамедов – Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Ол 1972 жылы баскетболдан КСРО құрамасымен бірге Мюнхен Олимпиадасының алтынына ие болды. Сондай-ақ 1976 жылы Монреаль олимпиадасының қола жүлдегері атанды. 1979 жылы «КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болды. 1978 жылы баскетболдан әлем чемпионатында күміс, ал 1970 жылы қола жүлдеге ие болды. 1970 жылы дүниежүзілік универсиада ойындарының жеңімпазы, Еуропаның үш дүркін чемпионы және 1970-1980 жылдары КСРО-ның 10 дүркін чемпионы атанды. Қазір чемпион Мәскеуде тұрады. Ұлы Владислав екеуі «Лаурус» атты балалар мен жасөсіпірімдерге арналған баскетбол клубын ашқан.

1972 жылғы ақтық финалдағы соңғы үш секундты чемпион жиі еске алады. «Матчтың аяқталуына үш секунд қалғанда біз америкалықтардан 49:50 есебімен жеңіле бастадық. Есте қалғаны, соңғы үш секунды. Иван Едешко бүкіл алаңнан жүгіріп өтіп, Александр Беловтың жеңісті доп салуына көмек берді. Ал, Саша болса допты себетке салып үлгерді, сол-ақ екен бірден финалдық дабыл қағылды. АҚШ құрамасы матч қорытындысына бола наразылық білдірді. Біз тек келесі күні түске таман КСРО құрамасының олимпиада жүлдегері атанғанын білдік. Бұл тарихтағы тұңғыш жеңіс болатын. Мен бұл матчта командаға 4 ұпай әкелдім», — деді ол.

Инсбурк Олимпиадасы (1976 жыл)

Қысқы Олимпиада ойындары бойынша Қазақстаннан шыққан тұңғыш чемпионы Борис Александров. Ол – 1976 жылы Инсбрукта өткен XII қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы, Кеңес Одағы мен Қазақстанның атақты хоккейшісі және жаттықтырушысы.

Борис Александров 1955 жылы 13 қарашада Өскеменде дүниеге келген. 16 жасында өскемендік хоккей клубы «Торпедоның» негізгі сапында ойнай бастады. Сосын мәскеулік ЦСКА және «Спартак» құрамаларына ауысты. 1976 жылы хоккейден КСРО құрамасымен бірге алтыннан алқа тақты. Ол үш ойында 2 шайба соғып, үш нәтижелі пас шығарған. 2002 жылдың шілде айына дейін өскемендік «Қазцинк-Торпедо» және Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарған. 31 шілдеде Усть-Катав қаласы маңында көлік апатынан көз жұмған. 2010 жылдан өзі ойнған және жаттыққан Өскемендегі спорт кешені осы хоккейші есімен аталады. Сонымен қатар Өскеменде 2012 жылы 2 маусымда Борис Александровқа ескерткіш қойылды.

Монреаль Олимпиада (1976 жыл)

Надежда Ольхова – баскетболшы, КСРО-ға еңбек сіңірген қайраткер. Алматылық «Университет» клубының құрамында болды. Баскетболдан КСРО құрамасының сапында ойнаған ол 1976 жылы Монреальда, 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, сондай-ақ, екі дүркін әлем чемпионы атанды (1975, 1983). Қазіргі таңда Киевте тұрады.

Нелли Ким – әйгілі гимнасшы, 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиада ойындарында спорттық гимнастикадан үш алтын, 1 күміс еншіледі. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының екі дүркін чемпионы атанды. Ол Олимпиада ойындарында ең көп медаль алған қазақстандық спортшы. 1999 жылы оның есімі Оклахома-Ситидегі спорттық гимнастикадан Халықаралық даңқ залына енгізілді. Бірнеше дүркін әлем чемпионы Нелли Ким Олимпиада ойындарында еркін жаттығу мен секіруден ең жоғары баға 10 балды алған алғашқы гимнасшы. Қазір Халықаралық гимнастика федерациясының әйелдер техникалық комитетінің төрайымы қызметін атқарады. Алматыда оның атында гимнастика академиясы бар.

Мәскеу Олимпиадасы (1980 жыл)

Жақсылық Үшкемпіров – грек-рим күресінен 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасындың чемпионы.

Ол 1951 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1968 жылы Семей қаласындағы мал дәрігерлік институтына оқуға түскен соң ғана күреспен айналыса бастаған. «Семейге балуан болу үшін емес, мал дәрігері болуға барған едім» — дейді чемпион. 1973 жылы Жақсылық Үшкемпіров КСРО чемпионатында қолда жүлдеге ие болып, республикалық құрамаға алынады. Алайда 1976 жылы Монреаль Олимпиадасына бапкерлер Үшкемпіровке емес, жолдаманы Алексей Шумаковқа береді.

«Мен үш рет Одақ чемпионы болдым, ал Олимпиадаға бір-ақ рет бардым. КСРО чемпионаты мен спартакиадасында жеңсем де мені 1976 жылы Монреальдағы ойындарға апармады. Сол кезде 25-те едім, нағыз бабымда тұрған шақ», — деп қапа болды спортшы. Сол кезде Жақсылық Үшкемпіровты Дінмұхамед Қонаев шақырып алып: «Жәке, маған мемлекетті басқару оңай деп ойлайтын шығарсың? Айналыса бер, біз саған көмектесеміз. Келесі Олимпиадада сен жеңімпаз атанасың!» — деп спортты тастамауға көндіреді. Содан кейін балуан КСРО чемпионатында 1977 жылы қола, 1978 жылы күмісін иеленеді.

1980 жылы Мәскеу Олимпиадасына Жақсылықтан бөлек үш спортшы үміткер еді. Олардың арасында мықтыларды анықтау үшін күрестіріп, нәтижесінде Үшкемпіров жеңеді. Бірақ та жаттықтырушылар грузиндық балуанға жолдама береміз деп шешеді. Алайда жазғы ойындарға 20 күн қалғанда Жақсылық Үшкемпіровке Мәскеудегі боз кілемде күресетінін айтады. Ақтық жекпе-жекте болгар балуаны Павел Христовты 12:7 есебімен жеңген қазақ балуаны Олимпиада ойындарының чемпионы атанады. «Менің қуанышымда шек болмады. Тұғырда тұрғанымда оның бәрі түс сияқты еді», — дейді чемпион. Олимпиададан соң 1981 жылы әлем чемпионы атанды. 1982 жылы ол үлкен спортты аяқтаймын деп шешеді. 1984 жылы Красноярскта жалауын көтерген КСРО кубогында 33 жастағы балуанды үлкен спорттан шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды. 1984-1993 жылдары республикалық кәсіподақ комитетінің спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. Алайда денсаулығы сыр бере бастаған чемпион 1995 жылы спортпен біржола қоштасады.

«Жүрегім ауыра бастады. Достарым ауылдық жерге көш деді. Осылайша ауыл шаруашылығымен айналысамын деп шештім. Қолымда ветеринарлық институттың дипломы бар емес пе?», — дейді ол. Бақанасқа келген ол ешкі бағудан бастап, жер телімдерін сатып алып отырады. 2000 жылдары қарамағында 5 мың га жер болады. 2007 жылы Үшкемпіров Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Мынбаев ауылына келеді. Ол өз қаржысына ескірген ғимараттарды жаңартып жаңа нысандар: 400 шаршы метр аумақты қамтитын бала-бақша ашуға мұрындық болып, жас отбасылар мен жағдайы төмен ауыл тұрғындарына арналған жатақхана тұрғыады. Чемпион өз қаражатына балаларға арналған «Жақсылық Үшкемпіров атындағы көпсалалы спорт кешенін ашуға ұйытқы болады. Бұл жерде бір мезгілде бокс, ауыр ателтика және күрестің 5 түрі бойынша жеткіншектер өз шеберлігін шыңдайды. «Мүмкін олардың арасында кез келген турнир тұғырына көтерілетін болашақ жеңімпаздар бар шығар», — деп елу жыл бұрын боз кілемге шыққан спортшы өз үмітін жасырмады.

Шәміл Серіков – грек-рим күресінен 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы.

1956 жылы Алматыда дүниеге келген ол алты жасында Аянбек Алдабергеновтың қол астында жаттығуды бастайды. 1978 жылы Мехикода, 1979 жылы Сан-Диегода өткен әлем чемпионаттарыңда жеңімпаз атанды. Грек-рим күресінен әлемді мойындатқан алғашқы қазақ Шәміл еді. Ол туралы «Совесткий спорт» газеті: «Шәміл Серіковтың әдіс-тәсілдерін оқу-жаттығу құралы етіп ұсынуға болады» деп жазған. Шәміл – өз дәуірінің теңдессізі еді. Майталман мамандар оның техникалық арсеналының молдығы және ең бір күрделі әдістерді асқан шеберлікпен орындайтынына таңданатын. Нағыз кемелденген шағында Шәміл Серіков үлкен спорттан қол үзді. Оған түрлі жағдай себеп болды. Соның салдарынан тұрмысы нашарлады. Алайда саңлақтың ғұмыры ұзақ болмады, 1988 жылы әйгілі балуан дүниеден озды. Ол кезде Шәміл небәрі 33 жаста еді…

Сеул Олимпиадасы (1988 жылғы)

Анатолий Храпатый – ауыр атлетикадан 1988 жылы Сеул Олимпиадасының чемпионы. КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері. 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, бес дүркін әлем чемпионы және бес дүркін Еуропа чемпионы. КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы. Ауыр атлетикадан бес әлем рекордының авторы. 1963 жылы Атбасарда дүниеге келген. 2008 жылы жол апатынан қаза тапты.

Осы жылы Анатолий Храпатыймен бірге волейболшы Елена Чебукина мен гимнасшы Валерий Люкин Олимпиада чемпионы атанды.

Қазақстан тәуелсіздігін алған соң алғашқы алтынды шаңғышы Владимир Смирнов сыйлады. 1964 жылы Щучинск қаласында дүниеге келген. Шаңғы спортынан төрт дүркін әлем чемпионы, төрт дүркін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, екі дүркін қола медаь иегері. Тәуелсіздік алғалы қысқы Олимпиада ойындарынан Қазақстан сапына алтын салған жалғыз спортшы әзріге – Смирнов. Үлкен спорттан 199 жылы кетті. 2014 жылы «Астана» Президенттік кәсіби клубының бас директоры қызметіне тағайныдалды. 1988 жылдың өзінде Канаданың Калгари қаласында өткен Олимпиадада жекелей сында екі медальға ие болды. Ал 1998 жылы қола медаль еншіледі.


1996 жылы Атлантада өткен XXVI жазғы олимпиада ойындарына Қазақстан Ұлттық құрамасы тұңғыш рет Тәуелсіз ел ретінде қатысты.

Василий Жиров – босктан 1996 жылы Атланта Олимпиадасының чемпионы.

Ол 1974 жылы Балқаш қаласында дүниеге келген. Алтантада ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогын иеленді. Бокспен 12 жасынан шұғылдана бастаған. Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Бокспен 12 жасынна бастап айналыса бастаған. 1997 жылы кәсіпқой боксқа ауысты. 2000 жылы ІВF нұсқасы бойынша чемпион атанды.

Юрий Мельниченко – грек-рим күресінен Атланта Олимпиадасының чемпионы. 1994 жылы Тамперде, 1997 жылы Вроцлавта өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанса, 1995 жылы Прага, 1999 жылы Афиныда өткен әлем чемпионаттарында қола жүлде иеленді. Қазақстанның жеті дүркін чемпионы. Қазақстанға еңбек сіңірген спортшы және жаттықтырушы. 2004 жылдан бері ҚР Күрес федерациясы мен ассоциациясының вице-президенті.

Бессайысшы Александр Парыгин да осы жазғы ойындарында алтыннан алқа тақты.

Сидней Олимпиадасы (2000 жыл)

Ермахан Ыбраимов 2000 жылы Сидней Олимпиадасының чемпионы және дәл осы жылы боксшы Қазақстан туын ұстап шықты. Ол 1972 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Сиднейден бұрын 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында қола медаль иеленді. 1997 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатында күміске, 1999 жылы Хьюстонда қолаға ие болды. ҚР бокстан Еңбек сіңірген спорт шебері және жаттықтырушысы. I дәрежелі «Барыс» (2000) орденімен; «Ерен еңбегі үшін» (1996) медалімен марапатталған. «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2000). «Жыл спортшысы» номинациясы бойынша «Жыл адамы» атағын алған.

Бекзат Саттарханов – жиырма жасында бокстан 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Сидней Олимпиадасының чемпионы атанды. 1980 жылы Түркістанда дүниеге келген. Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері. І дәрежелі «Барыс» орденінің ең алғашқы иегері. Чемпион атанған жылы жол апатынан қаза тапты. Олимпиадаға аттанар кезде ұшақ баспалдағында тұрған Бекзат үлкен ағасы Мақсатқа: «Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер!» деген екен. Ол санаулы ғұмырында 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде қарсыласынан басым түскен. Бүгінде Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы ықшам аудан мен спорт кешені, Алматыда көше бар. 2002 жылдан бастап бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтеді.

Ольга Шишигина — қазақстандық жеңіл атлет Сидней олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. 1968 жылы Алматыда дүниеге келген. Жеңіл атлетикамен 1978 жылдан бері шұғылданады. 1995 жылыГетеборгта өткен әлем чемпионатында күміс медаль, 2001 жылы Эдмонтонда қола жүлдеге ие болды. Осы жарыстан соң спортшы жарақат алып, үлкен спортпен қоштасты. Қазіргі таңда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Афины Олимпиадасы (2004 жыл)

Бақтияр Артаев 1983 жыл жылы Тараз қаласында дүниеге келді. Ол бокстан Вел Баркер кубогын иеленген тұңғыш қазақ. Бұл марапатты ол 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған соң алды. 7 дүркін Қазақстанчемпионы. 2011 жылдың қаңтарында Жамбыл обылысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары қызметіне ауысты. 2007 жылы Тараз қаласында Бақтияр Артаев атындағы бокс сарайы ашылды. Афинадағы жеңістен кейін өзінің туған өлкесінде бірнеше жыл бойы әкімшілік саласында, содан соң Астана қаласындағы президенттік кәсіби спорт клубының президенті секілді қызметтерді атқарды. Қазіргі уақытта «Тарлан батырлары» ЖШС-нің директоры.

Бейжің Олимпиадасы (2008 жыл)

2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан туын бокстан Бақыт Сәрсекбаев желбіретті. Ол 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

2012 жылы Лондон Олимпиадасында бокстан Серік Сәпиев, велоспорттан Александр Винокуров және жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова алтын медальға ие болды. Ол әйгілі боксшылар шыққан Қарағандыда дүниеге келген. 2012 жылы қазақтың салмағы атанған 69 келіде шаршы алаңға шыққан Серік чемпион атанып қоймай Вел Баркер кубогын иеленді. Бұған дейін ол 2005 жылы Қытайдың Мяньян қаласында, АҚШ-тың Чикагосында өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. 2009 жылы Миланда күміс еншілесе, 2011 жылы Бакуде қола медаль иеленді. 2014 жылы бокстан Astana Arlans командасының бас директоры атанса, содан соң «Болашақ» степендиясына ие болып Лондонда оқып келді. Қазіргі таңда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Александр Винокуров – 2012 жылы Лондағы ХХХ жазғы олимпиада ойындарының чемпионы, 1973 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Астана Pro Team велокомандасының ең белгілі велошабандозы, «Vino» (Вино) деген атпен оны әлем таниды. Сидней Олимпиадасында Александр күміс иеленген болатын. Сондай-ақ ол кәсіпқой спортшы ретінде бірнеше әлемдік турларға қатысып, жеңімпаз атанды. Бүгінгі таңда ол Астана Pro Teamвелокомандасының бас менеджері қызметін атқарады.

Ольга Рыпакова – Қазақстандағы табысты спортшылардың бірі, қатарынан үш Олимпиадада тұғырдан көрінген. 2008 жылы Бейжіңде қола, 2012 жылы Лондонда Олимпиада чемпионы атанса, ал былтыр Риода өткен жазғы ойындарда қола медальға ие болды. 2010 жылы Шанхайда өткен «Гауһар лигада» алтын медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек О. Рыпакова 2010 жылы қысқы әлем чемпионатында 15 метр 14 сантиметрге секіріп, әлем чемпионы атанды. 2011 жылғы жеңіл атлетикадан Тэгу қаласында өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.

Рио де Жанейро Олимпиадасы (2016 жыл)

Данияр Елеусінов – 2016 жылы бокстан Рио Олимпиадасының чемпионы. Сондай-ақ 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.

Дмитрий Баландин – 1995 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2016 жылы 200 метрлік қашықтыққа брасс әдісімен жүзуден Олимпиада чемпионы атанып тарихи жеңіске жетті. Бұған дейін ол , 2014 жылғы Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, 2015 жылы Кванджуда өткен жазғы Универсиада ойындарында 100 метрлік қашықтыққа брасс әдісімен жүзуден алтын, ал 50 метрлікте қола медальға ие болды.

Сондай-ақ зілтемірші Ниджат Рахимов Рио Олимпиадасында Қазақстан қоржынын алтын медальмен толықтырды

Соңғы жаңалықтар