Жарияланды: 620

Қазақстанның этносаралық татулықты дамытуға құрылған ұстанымын басқа елдер де қолданатын болса, әлем де қауіпсіз бола түседі - Нұрсұлтан Назарбаев

Астана. 24 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның этносаралық татулықты дамытуға құрылған ұстанымын басқа елдер де қолданатын болса, әлем де қауіпсіз бола түседі. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының 14-ші сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Батыста да, Шығыста да біздің этносаралық татулықты дамытуға құрылған ұстанымымыз мойындалып, тәжірибеміз ескеріліп келеді. Егер, бұл ұстанымымызды басқа елдер де қолданатын болса, әлем де қауіпсіз бола түседі. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл бағыттағы жұмыстарда белсенділік танытуы тиіс. Мәдениетаралық үнқатысуды дамыту мәселесі Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысынан көрінуі керек. Біз өзіміздің болашағымыз бір екендігін әрқашан есте ұстауымыз қажет. Бұл қазақстандықтардың бірлігіне де байланысты. Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына бүгінгі таңда зор тарихи жауапкершілік жүктеліп отырғанын тағы да қайталап айтамын, деді Президент сөзін қорытындылай келіп. Бұл жауапкершіліктің түпкі мәні күллі қазақстандықтарды бір мақсатқа ұйыстырып, ортақ іске жұмылдыра отырып, заман дауылы шайқалта алмайтын іргелі мемлекет құру ісімен астасып жатыр. Әрдайым тереңнен толғанып, әріден зерделеген жөн. Мемлекет басшысы сөзінің қорытындысында еліміздің келесі жылдан бастап ЕҚЫҰ-ның "басқарушы үштігіне" кіретінін, ал 2010 жылы осы маңызды ұйымға төрағалық етуді жалғастыратынын атап өтті. Бұл біздің жетістіктерімізге әлемдік дәрежеде берілген жоғары баға деуге болады, деді Елбасы осы жайында. Біз өз кезегімізде халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға күш салатын боламыз. 2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына да жетекшілік етеді. Мұны да біздің ұлтаралық мәдени байланыстарды дамытуға қосқан үлесіміздің бағалануы деп түсінуіміз керек. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін