Жарияланды: 510

Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттері туралы келісім сенаттың жалпы отырысында қаралады

Бүгін, 9- қазанда сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісіне палатаның баспасөз қызметінен.

Комитет мүшелері Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы бас бостандығынан айырылған адамдарды жазасын арықарай өтеу үшін өзара экстрадициялау туралы келісім жобасын қарап, сенаттың жалпы отырысында сараптауға жіберді. Келісім жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерғали Мырзадинов сотталған адамды бір елдің қамау орнынан екінші елдің сондай мекемесіне ауыстыруды сол сотталған адамның немесе оның жақын туыстарының өтініші бойынша Қазақстан мен Түркіменстанның бас прокуратуралары жүзеге асыратынын баяндай келіп, бүгінде Түркіменстан еліндегі абақтылардың бірінде қазақстандық бір азаматтың бар екенін және еліміз абақтысында Түркіменстаннан 8 адам отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, депутаттар Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттері туралы келісімді бекіту туралы заң жобасын талқыға салды. Мәселе турасында баяндама жасаған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Құсайын Беркалиевтің айтуы бойынша, он сегізі екі жақты азаматтарға, ал алтауы халықаралық болып саналатын жиырма төрт бекеттің бүгінде екеуі ғана жұмыс істейді. Оның бірі темір жолшыларға, бірі жаяу жүргіншілерге қызмет етеді. Қалған бекеттер Өзбекстан Республикасының бастамасы бойынша әртүрлі саяси, экономикалық себептермен жабылып қалған. Егер аталған құжат қабылданса бекеттер санын арттыруға мол мүмкіндік ашылмақ. Отырыста бекеттердің қазіргі түр сипаты талапқа сай келмейтіні айтыла келіп, бұл да маңызды мәселе болғандықтан сенаторлар тарапынан келесі жылдың бюджеті қаралған кезде өткізу бекеттерінің ахуалын жақсарту үшін арнайы қаражат бөлу қажеттігі ескерілді. Келісімнің мақсаты екі ел арасындағы экономикалық және мәдени қарым-қатынастарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, Қазақстан-Өзбекстан шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді, тауарлар мен жануарларды өткізудің тәртібін ретке келтіру болып табылады. Сондықтан қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі , психотроптық заттар, валюта және радиоактивті заттар контрабандасының жолын кесу, өткізу бекеттерінде мемлекеттік шекара режимін қолдану жөніндегі мәселелерді шешуге және екі ел шекарасындағы өткізу бекеттері іс-қызметінің құқықтық негізін қалауға бағытталған заң жобасы да сенаттың кезекті жалпы отырысында қаралатын болды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін