«Ет дегенде бет бар ма?» деп бесбармақтан бас тартпайтын қазаққа соңғы аптадағы бағаның бағамы байыз таптырмады. Қайсы базар да өнімін өсіріп сатуға тырысады. Жұрт қайда барса да, шеңгелдеп асайтын асының ақшасы аспандап тұр. Жәрмеңкесі, басқасы бар, етке деген бағаның айырмашылығы жоқ. Саудагерлер де сатып алушылардың алдында ұятты, алайда баға өспесе, бәсекелестіктің бәсі түспек.
Назира Жексенбаева, сатушы:
— Осыдан үш ай бұрын 900теңге еді. Енді көрдіңіз бе, үш айдың ішінде біраз қымбаттады. Білмеймін, ненің себебі екенін, әйтеуір ет осылай қымбат келеді.
Қымбатқа келгенін бақыр тиынға саудағалауға құлықсыз,бәрі. Бір маусым бұрын 1000 теңгені төңіректемейтін ет құнының аяқ асты аспандағанын жеке кәсіпкерлер төрт түлікке деген азықтың азайып, барының бағасы өскендігімен түсіндіреді. Айтқаны ақылға қонымды, алайда кей өңірлерде жағдай тіптен мүшкіл.
Қараша елдің қабырғасына қатты батқаны — қазы-қарта, жал-жая,қала берді қой мен сиыр етіне бағаның күн санап өскен. Дегенмен бұл ет түрлерін базарлардан табу қиын емес. Ал шошқа етінен шошынған жан жоқ еді, бірақ сатылымдағы көлемі күн санап кеміп барады. Өйткені Ресейде бұл ет түріне сұраныс көбірек көрінеді.
«Салы»десе сілекейі шұбыратын кейбір тараздықтарға обал болды. Қазір базарларында талпақ танаудың еті тіптен жоқ. Сатушылардың өзіндік пайымы бар, яғни шошқаның етін қалтаның қамын ойлаған жергілікті кәсіпкерлер Ресейге қымбатқа саудалағанды құп көреді. Қарағандыны да қымбатшылықтың қара бұлты айналып өтпеді, мұнда ет бірден 200 теңгеге қымбаттаған. Сиыр еті 1000 тг, жылқы еті – 1.500 тг, қой еті — 1200 тг. Семейде де сол. Өзге өңірлердегі ахуал, базарда ет тапшы, табылса,бағасы удай. Тұрғындар еттің орнына өздерін өзге өнімдермен алдап әлек.
Тауыққа тәбеті тартатындардың бұл өнімді аларда абайлағаны абзал. Мамандар дабыл қақты. Кедендегі одақтастарымыз Ресей мен Беларусь уақыты өтіп бұзылған тауық еті мен жұмыртқаны бізге жөнелтетін көрінеді. Төмен бағамен, алайда,арам.
Руслан Шарипов, Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті:
— Тауық жұмыртқасын 30 күн сақтауға болады. Одан әрі оның көзін жою керек немесе ұнтаққа айналдыру керек. Алайда ресейліктер сол жұмыртқаларды жаз кезінде арзан бағамен біздің елімізге сатады. Нарықта сапасыз, адам денсаулығына қауіпті өнімдер пайда болады.
Сенгендегі серіктің қылғаны сол болса, өзгеден қайыр қанша?…
Қараша елде ептеп ет қымбатшылығының себебін түсініп келеді. Аталмыш көрші-қолаң біздің құнарлы өнімге құда түседі, қымбат төлейді. Соның салдарынан нарықты қарқ қылудан қаламыз.