Қазақтың ең атақты 50 фильмі мерейтойларын атап өтеді - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақтың ең атақты  50 фильмі мерейтойларын атап өтеді

Қазақтың ең атақты 50 фильмі мерейтойларын атап өтеді

Биыл қазақтың 50 фильмінің мерейтойлары аталып өтпек. Ең негізгілерін , «Абай әндерінің» шыққанына 70 жыл, әйгілі «Қыз Жібекке» 45 жыл. Бергіден сөз етсек, «Көшпенділерге» 10 жыл, «Сіз кімсіз, К мырза?» картинасына 5 жыл. Бірақ киносыншылар 50 фильмнің бәрінің мерейтойлары аталып өтуіне қарсы. Себебі, тізімдегілердің тең жартысы ғана жарамды санаттағы туындылар екен. Ол қандай фильмдер?

  • 3 Ақпан 2015
  • 366
Фото - Caravan.kz

Бұл 1945 жылы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының желісімен түсірілген «Абай әндері» картинасы. «Қазақфильм» киностудиясының тұңғыш туындыларының бірі саналады. Биыл фильмнің жарыққа шыққанына 70 жыл толмақ.

Ал «Қыз Жібек» фильмінің 1970 жылы экранға шығып, қазақ атын бүкіл әлемге паш етуге себепкер болғанын көпшілік біледі. Бұл туынды әлі күнге дейін үздіктердің қатарында. Шығармашылық ұжым жазда оның 45 жылдығын атап өтуге әзір.

Гүлнәр Әбікеева, кинотанушы:

Шынын айтсам, 60-шы жылға дейінгі қазақтың жеке ұлттық киносы болған жоқ. Болса да кеңес идеологиясын дәріптеуден аспады. Ал 70-ші жылдардан бастап ұлттық киномыз дамыды. Міне, осы кезде нағыз қазақ киносы шықты. Соның бір дәлелі – «Қыз Жібек».

Кинотанушы «Қыз Жібектің», әсіресе, актерлеріне маман ретінде тәнті болғанын айтады. Ол мұны режиссердің көрегендігіне балайды. Оның үстіне бұл фильмді жасауға режиссер Сұлтанбек Қожықовпен бірге қазақтың кілең мықтылары қатысқан. Мәселен, сценариі Ғабит Мүсіреповтікі, әуен мен ән мәтіндері Нұрғиса Тілендиев пен Қадір Мырза-Әлінікі, суретшісі Гүлфайруз Ысмайылова. «Қыз Жібек» «Махаббаттан махаббат тудырған» деген тағы бір атауға ие. Оның себебі — басты рөлдерді сомдаған Мереуерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтің түсіру жұмысы біте салысымен шаңырақ көтеруі.

Ал бұл — «Қыз Жібектен» кейін араға 5 жыл салып түсірілген тағы бір әдемі қазақ фильмі – «Гауһартас». Картина кеңес кезіндегі ұжымшар тіршілігін суреттейді. Десе де, мұнда махаббат тақырыбына басымдық берілген. Картина әлемнің 50-ге жуық елінде аншлагпен көрілген екен.


Нұрлан Санжар, сценарист:

Жалпы, қазақ киносы 70-ші жылдары шарықтады. 80-ші жылға дейін тұрақтылық сақтап тұрды. Онда да тек Шәкен Аймановтың арқасында ғана. Одан кейін төмендеп кетті. Сөйтіп, 90-шы жылдары авторлық кинолар қаптады. Әрине, ол кездің себебі де түсінікті ғой. Қазір енді ес жиып жатқандаймыз. Бірақ шатасу көп, тақырыптық ауқымдылық  жоқ.

Ауқымдылық жоқ десек те, 2000-шы жылдан бастап, отандық кинонарықта мейлінше талпыныс жасалды. Нәтижесінде биыл мерейлі 10 жылдықты бастап тізім басында «Көшпенділер» картинасы тұр. Сосын «Сіз кімсіз, К мырзаның?»  5 жылдығын аталып өтпек. Жалпы, биылғы мерейтойлар 50 фильмнің еншісінде. Дегенмен киносыншылар оның жартысынан астамы ел есінде қалмаған, жәй ғана тізім толтыру үшін жасалған деп отыр.