Қазынаның жартысы дәулетті адамдардың қолында - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазынаның жартысы дәулетті адамдардың қолында

Қазынаның жартысы дәулетті адамдардың қолында

Үстіміздегі жылғы қаңтар айының 19-ындағы мәлімет бойынша, Жер бетіндегі барлық байлықтың  жартысына жуығы адамдардың 1 пайызының қолдарына шоғырланып қалғаны белгілі болды.

  • 11 Ақпан 2015
  • 266
Фото - Caravan.kz


Осының есебін жүргізген кедейшілікпен күрес жөніндегі Oxfam агенттігі алдағы уақыттарда бұл деңгейдің тек жоғары қарай өсе беретінін де болжап отыр, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Олай болатыны, байлықты байлыққа ұрып, оның қатарын қомақты ете түсушілердің үлесі соңғы жылдары өте тез өсіп келеді. Онысы түсінікті де. Ақшаның ауқымы көбейген сайын оның қосқан әр пайыз таза табысының көлемі де көп болады. Міне, осылайша, 2009 жылы бар айлықтың 44 пайызын иемденген қазіргі заманның байлары былтыр оны 48 пайызға дейін жеткізген. Сарапшылар енді тым алысқа ұзамай-ақ, 2016 жылы «шіріген байлардың» еншілері 50 пайыздық мөлшерден емін-еркін асып кететінін айтады. Бұдан арғысы тура «табаға түскен майдай» болып сырғып ала жөнелмек. Демек, шектен шыққан бай мен шетке шыққан кедейлердің ара-жігі бірте-бірте барынша кеңірек ажырай түспек. Бұл, сөз жоқ, екі дүниенің арасындағы қақтығысты, текетірес пен тайталасты, ұрыс-керіс пен соғысты көбейтпесе, азайта қоймайды. Сол замандарда кез келген жерде, кез келген күні «араб көктемі» секілді буырқаныстар мен бұлқыныстар бұрқ етіп жатса, таң қала да қоймайтын шығармыз.

Зерттеушілер еңбегінің қорытындылары бұл жолы тура Давоста өткен дәстүрлі жыл сайынғы Бүкіләлемдік экономикалық форум басталардың қарсаңында ғана дайын болды. Осы алқалы жиында сөз алған Oxfam ұйымының атқарушы директоры Винни Байаниима байлар мен кедейлер арасындағы мынадай алшақтықты шұғыл қысқартпаса, әлемдік апат болғалы тұрғанын жайып салды. «Мұндай зор алшақтық естен тандырарлық жағдай», деп бағалады ол. Осыған орай ұйым басшысы мұндай теңсіздікті шешу үшін барлық елдердің үкіметтерін жеті тармақтан тұратын жоспар құруға шақырды. Бұлардың арасында салық төлеуден жалтаратын компаниялармен барынша батыл күрес жүргізу мен күнкөрістің ең төменгі мөлшерін қайта қарау мәселелері де айтылды. Ол Давоста өткен жылы өткен форумда да жұрт құлағын елең еткізетін деректерді алға шығарып еді. Атап айтқанда, әлемдегі ең бай деген 85 адам кедей кісілердің 50 пайызының (3,5 млрд. адам) қолына жиналған мүкәмалдар мен ақшаға пара-пар келетін байлыққа ие болып отыр. Бір жылдың ішінде бұған да өзгеріс еніп үлгерген. Енді кембағал жұртшылықтың тең жартысының жиған-тергеніндей дүние әлемдегі ең бай саналатын 80 адамның қолында тұр.