ҚХР пилотты ғарыш кемесін ұшырды
ҚХР өз тарихында тұңғыш рет "Шэньчжоу-5" деп аталатын пилотты ғарыш кемесін ұшырды,- деп хабарлайды "Синьхуа" ақпараттық агенттігі. |
38 жастағы Янг Ливэй Қытай тарихына тұңғыш ғарышкер ретінде жазылды. Ғарыш кемесі бүгін жергілікті уақытпен 9 сағатта ұшырылған. "Шэньчжоу-5" Қытайдың солтүстік -батыс бөлігінде, Пекиннен 1 мың шақырым қашықтықтағы Гоби шөлінде орналасқан Цзюцюань ғарыш айлағындағы ғарыштық базадан аспан кеңістігіне жол тартты. Ғарыш кемесі 21 сағаттан кейін жерге оралады деп күтілуде.
Сөйтіп, Қытай - КСРО мен АҚШ-тан кейін ғарышқа адам ұшырған дүниежүзіндегі үшінші ел санатына қосылды.
Ганьсу провинциясында , теңіз деңгейінен 1000 метр биіктікте орналасқан Цзюцюань ғарыш айлағынан сынақ және қолданбалы мақсаттағы жасанды жер серіктері орта және төменгі жер орбитасына ұшырылады. Сондай-ақ, мұнда орта және алыс қашықтықтағы зымырандар ұшырылады. Ғарыш айлағы 1958-жылы салына бастаған. Өткен 40 жыл ішінде Цзюцюань ғарыш айлағында 9 рекорд тіркелді. Атап айтсақ, Қытай тарихында тұңғыш рет жақын қашықтыққа әсер ететін зымыранды сынақ мақсатымен ұшыру , ел тарихында алғаш рет "Дунфанхун-1" деп аталатын жасанды жер серігін ұшыру, 1980-жылдың 18-мамырында Тынық мұхитына қарай алыс қашықтықты зымыран-тасығышты ұшыру, 1981-жылы бір зымыран-тасығышпен жер орбитасына үш бірдей жасанды жер серігін шығару тәрізді оқиғаларды атауға болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін