Қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар өзге елдерде қалай жойылады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар өзге елдерде қалай жойылады

Қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар өзге елдерде қалай жойылады

Соңғы жылдары қоқысты қайта өңдеу мәселесі күн тәртібіне өткір қойылды. Әйтсе де қоқысты сұрыптау мен қалдықтарды қайта өңдеу әлі де кемшін тартып тұр. Ал еліміздің ірі қалаларында қоқыс үйіндісі күннен күнге артып барады.

  • 10 Қазан 2018
  • 23444
Фото - Caravan.kz

Қоқысты сұрыптау ісіне тұрмыстық қалдықтардың бір жәшікке тасталатыны кедергі болып отыр. Дегенмен Астанада тұрмыстық қалдықтар сары және жасыл түсті контейнерлерге сұрыпталып тастала бастады. Сары жәшіктер пластик, қағаз, шыны, металл және ұсақ-түйек электронды техника қалдықтарын жинауға арналса, жасыл контейнерлерге тағам бөліктері, органикалық қалдықтар жиналады. Негізгі мақсат – полигонға жиналатын қоқыс көлемін кемітіп, еліміздегі қайта өңдеу саласын дамыту.

Алдағы жылдары елімізде сұрыпталмаған қоқысты көмуге жаппай тыйым салынбақшы. Жалпы сарапшылардың дерегі бойынша, жыл сайын елімізде 700 миллион тонна өнеркәсіптік қоқыс пен қалдықтар жиналатын болса, оның 250 миллионы денсаулыққа қауіпті улы заттар көрінеді.

Қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу ісі бойынша өзге елдерде қалай қолға алынған. Caravan.kz медиа-порталы бірқатар елдердің тәжірибесін қарастырып көрді.

 

Еуропалық тәжірибе

Тұрмыстық қалдықтарды жою ісі бойынша Еуропа елдерінің тәжірибесі мол әрі ауқымды. Аталған елдерде 1980 жылдардың соңынан бастап қалдықтарды залалсыздандыру жаңаша бағыт алды. Нақты айтқанда қоқыстарды пайдаға асыру ісі жолға қойылды. Еуропа тұрғындарының өзін өзі сыйлайтын кез келген азаматы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап алмай жатып қоқыс жәшігіне тастамайды

Мұны еуропалықтар еріккеннен істеп отыр деуге болмайды. Дамыған елдер тұрғындары қоршаған ортаның тазалығы үшін күреседі және табиғи ресуртарды үнемдеуге барынша ат салысады.

Германия

Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу ісі бойынша Германия Еуропада алдыңғы орында. Бұл ел ең алғаш мұндай тәжірибені 1990 жылдардың басында іске асырып көрді және әлі күнге дейін дамыту үстінде. Немістердің әрқайсысының пәтерінде қоқыс жинауға арналған кемінде үш түрлі ыдыс болады. Ол кейде тіпті сегізге дейін жетеді.

Ескі батарейкалар мен аккумуляторлар ерекше әдіс арқылы жоюды қажет етеді. Себебі онда жоғары токсинді улы заттар бары белгілі. Ескі киімдер арнайы контейнерге салынады. Мәселен, Германияда кез келген сусынның бағасына ыдысының құны қосылады. Босаған кезде оны өткзіп ақшасын кері қайтарып алуға болады.

Аталған елде тұрғындарды қоқысты сұрыптап тастауға тәрбиелеу жұмыстары жақсы жолға қойылған. Берлиндегі жасөспірімдер егер қоқыс жинап оны өткізсе, қаржылық марапатқа ие болады.

Испания

Солтүстік Еуропа елдеріне қарағанда Испанияда қалдықтарға деген өзгеше көзқарасты қалыптастыру амалдарына көп уақыт бола қоймаған. Аталған ел халқы тұрмыстық қалдықтарды үшке бөліп жинауға әрең көндіге бастаған. Дегенмен, әлі күнге дейін қала көшелерінде ескі заттарын кезбелерге таратып беріп жүрген испандықтарды көруге болады. Испандықтар дәмханалар мен сыраханаларда артынан мол қоқыс қалдырып кеткенді ұнатады. Барселонада қоқыс тастауға арналған арнайы терең шұңқырлар бар. Барлық қалдық соған тасталады. Ал кейін арнайы техникамен шығарылып алынады. Дегенмен, бұл қалада қоқыс жинаушы ең төменгі жұмыс болып саналмайды. Керісінше ондағыларға жақсы жалақы төленеді

 

Ұлыбритания

Ағылшындар қоқыс сұрыптауға қатаң қарайды. Бірақ жиналған жарамсыз қалдық күнделікті жиналмайды. Қоқыс жинау әр ауданда әр түрлі жүзеге асады. Кейбір көшелерде күнделікті жиналса, кейбір шеткі аудандарда екі-үш аптада бір тасиды.

Дегенмен, билік тұрғындарды ұқыптылыққа тәрбиелеуге барынша тырысып жатыр. Мысалы, мұнда тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптамағаныңыз үшін айыппұл төлейсіз. Тіпті қалдық салатын бөшкелердің өз орнында тұрмағаны себепті де айыппұл арқалауыңыз ықтимал. Кез келген дүкеннің алдында тағамға арналған, ескі киімдер мен электротехникаға арналған арнайы контейнерлерді көруге болады.

АҚШ

Америкада қалдықтар пластик бөтелкелерге жиналады. Ал ол өз кезегінде әр үйдің қасында тұрған арнайы контейнерлерге салынады. Арайы қызмет өкілдері жиналған қоқысты сұраптауға алып кетеді. Іріктеуден өткен қалдықтар қайта өңделеді. Қағаз, пластмаса, шөлмектер – мұның барлығы тауар жасау үшін қолданылады. Бірақ қоқыстан жасалған ол тауарларға міндетті түрде неден жасалғанын білдіретін арнайы белгі қойылады.

Қазір АҚШ экологиялық проблемаларға ерекше мән беріп, алаңдаушлық танытуда. Мәселен, бұл елде әр сағат сайын 2,5 миллион пластик шөлмек тасталады екен. Ал олардың әрқайсысының толық шіруі үшін 700 жыл қажет. Қазір елдің Нью-Йорк сияқты ірі қалаларында тұрмыстық қалдықтарды жою бойынша ауқымды мемлекеттік бағдарлама қолға алынған.

Франция

Қоқысты қайта іске асыру және сұрыптау бойынша франциялықтар алдыңғы орында. Францияда қоқыс өртейтін арнайы кешенді зауыттар салынған. Мысалы, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқыстарды парализ тәсілі бойынша жоғары температурада өртейді. Соның әсірен зиянды улы заттар толық еріп, күлге айналады. Франция қоқысты сұрыптап жинау әдісі мен қайта өңдеу нәтижесінде 30% алюминий, 50% әйнек, сонша газет қағазын өңдіріп отыр.

Финляндия

Финляндия көшелерінде жәшікке ұқсас арнайы ыдыстар қойылады. Ал аталған жәшіктердің қоқыс сақталатын түбі жердік астында. Кейбір контейнерлерге арнайы вакумды құбырлар жалғанған. Соның нәтижесінде жиналған қалдықтар бірден қоқыс өңдейтін зауыттарға түстеді. Құбыр арқылы қалдықтар секундына 25-30 метр жылдамдықпен сорылады.

Артықшылығы қалдықтар барынша терең өңделеді. Шынылар ұсақталып, шыны ыдыс жасайтын зауыттарға сатылады. Нәтижесінде бір шөлмек 30 мәрте қолданылады. Ал қалған қоқысттар өртеліп, жылу энергиясы алынады.

Оңтүстік Америка

Аталған аймақтағы елдер де тұрмыстық қалдықтарды жинауға мән бере бастаған. Әрине, еуропа елдері сияқты ауқымды жұмыс атқармаса да нәтижесі бар. Мысалы, Бразилия мен Мексикада күл-қоқыс жинауға тұрғындардың ең кедей тобы тартылады. Ал оларды ынталандыру әдісі ерекше. Мәселен 6 пакет қоқыс жинасаң бір пакет тағам тегін беріледі.

Жапония

Күн шығыс елінде қоқыс қалдықтарына сұрыптауға өте кірпияз қарайды. Бұл елде тіпті қалдық тастағаны үшін полицияның ескертуін елемеген адамның сотталып кеткенін естісеңіз таң қалмаңыз. Жапондықтар жері шағын елінің экологиясын сақтау үшін барын салады.

Жапонияда тұрмыстық қалдықтарды өртейді, ал одан алынған энергияны жылыту үшін қолданады. Тұрмыстық техникаларды қайта бұзып өңдеу үшін жөнелтеді. Бұл елде де әр жапондықтың үйінің алдында үш контейнер тұрады. Бірі пластмасаға арналса, екіншісі тағам, ал үшіншісі керексіз заттар үшін. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Жапондықтар қалдық өңдеу ісінде тым ілгері кеткен елдердің бірі. Тіпті аталған елде органикалық қалдықтардың өзінен құрылыс материалдарын жасап шығарады.

Қытай

Қытайда қоқыс жинау өз алдына бір кәсіп. Елдің көптеген тұрғындары күнде таңертең қағаз, шөлмек, пенопласт жинап өңдеуге өткізеді. Және сол үшін ақшасын алады. Бірақ соның өзінде Қытайдағы кейбір қалалардың айналасы қоқысқа толып қалған. Енді бір шаhарларында тұрмыстық қалдық тастайтын бос жер жоқ. Соған қарамастан Қытай осы кезге дейін шетелден әкелінген қалдықтарды қайта өңдеу үшін сатып алып отырды. Дегенмен, соңғы жылдары Қытай билігі бұл бастамадан бас тартып отыр. Шығыстағы көршіміз ұзақ жылдар бойы АҚШ, Ұлыбритания және Жапонияның қалдықтарын импорттап келген. Былтыр Қытай шеттен тасымалданатын қатты қалдықтың 24 түрін қабылдамайтынын ескертті.

 

Үндістан

Бұл елде тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстың жиналып қалуына ешкім бас қатырмайды. Тіпт кез келген ерекше қорғалған бақтар мен қорықтардың айналасына тау болып үйілген қоқыс қалдықтарын көруге болады. Кедей кепшіктер қоқыстан өздеріне керек жарағын іздеп тауып алады, кейбірі түнде қонатын лашық жасау үшін қоқыс теруге мәжбүр. Үндістанда да арнайы қоқыс жинаушылар бар. Бірақ миллиардтан аса халқы бар елде оларға күрес жүргізу қиынға соғуда.

Соңғы жаңалықтар