Әкім орынбасарының сөзіне қарағанда, қала және аудан әкімдеріне дүкендер мен жанар-жағармай құю стансаларында бағалардың бақылауын жүргізу тапсырылды. Сонымен бірге, әр екі сағат сайын ақша айырбастау пункттеріндегі жағдай қадағаланатын болады. Сондай-ақ ол теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының өзгеруіне байланысты болған алып-сату жағдайлары қалпына келтірілгенін атап өтті.
Жергілікті билік сенімді түрде тұрақтандыру қорының арқасында нанның бағасы 45 теңгеден аспайтынын айтып отыр. Қостанай облысында тұтынуға қажетті ұнның 10 есе артық қоры бар. Макарон өнімдерінің қоры алты есе, жұмыртқаның қоры төрт есе артық сақталған. Ал ет 2,5 есе, көкөніс 2 есеге артығымен сақталған.
Әкімдік тұрақтандыру қорынан алынған бірінші қажеттіліктегі азық-түліктің бағасын бұрынғыдай қалдыруға уәде беріп отыр. Қостанай облысында жақсы дәстүрге айналған азық-түлік жәрмеңкесі жұрт арасындағы дүрліккен сұранысты бәсеңдетуге көмектеседі, деп санайды шенеуніктер.