Соңғы үш айдың ішінде облыстың 22 мың тұрғыны дертіне дауа іздеп, дәрігерлерге қаралған. Басы ауырып, құрғақ жөтел мен дене қызуы көтерілген науқастарға ақхалаттылар жедел респираторлық вирустық инфекция деген диагноз қойыпты.
Зәуре Бейсенова, Қостанай қалалық №1 емханасының мейірбикесі:
-Былтыр тұмауға қарсы 2500 адамға екпе жасадық. Ауырғандр көп.
Науқастар санының күрт көбеюін мамандар күн райының тұрақсыздығынан деп топшалайды. Мың құбылған табиғаттың тосын мінезіне адамның еті үйреніп болмайды. Оның үстіне өзінің денсаулығына бей-жай қарайтындар жиі кездеседі екен.
Мұстафа Саламанов, Қостанай қаласының тұрғыны:
-Табан астында науқастанып қалдым. Дене қызуым көтеріліп, мазам болмады. Жаттығудан шыққан едім, мүмкін терлеп тұрып суыққа шыққаннан шығар. Өзіме де дауа жоқ, жеңіл киініп жүрдім.
Дәрігерлер мұндай жағдайда сұйық тағамдар ішіп, дәруменді көбірек қабылдауға кеңес береді. Ауа арқылы тарайтын дертті жұқтырмас үшін, адам көп шоғырланатын орындарға бармаған абзал. Ақхалаттылар жұқпалы індет ақпанның ортасында ерекше күш алуы мүмкін деп қауіптенеді. Одан үрейленгендері сонша, қарсы тұру шарасына әлден-ақ кірісіп кеткен.