Жарияланды: 1300

Қостанайда өткен медициналық симпозиумда жүрек-қан тамыры ауруларының мәселесі талқыланды

Қостанайда Мәскеу, Алматы және Қостанайлық кардиологтардың қатысуымен медициналық симпозиум өтті. Онда дәрігерлер атеросклероз ауруының алдын алу және емдеу мәселесін талқылады.

Мәскеуден келген медицина ғылымдарының докторы Давид Ароновтың айтуынша, Ресей мен бұрынғы Кеңестік республикаларда қалыптасқан жүрек-қан тамыры ауруларына қатысты ахуал қатерлі сипатқа көшті. "Қазақстан немесе Ресей азаматтарының статистикалық орташа ғұмыр жасы Еуропа елдері тұрғындарының орташа өмір сүру мерзімінен 20 жылға кем"- дейді профессор. Азаматтардың өмірден ерте кету деңгейінің жоғары болу себебін мамандар жүрек-қан тамыры жүйесінің ауруларымен түсіндіреді. Сондай-ақ, дәрігерлердің пайымдауынша, атеросклероз ауруы да мейлінше жасара түсуде. "Табиғаттың қарттар мен егде адамдарға жазған ауруы кем дегенде 30 жылға жасарды. Мәселен, бір Ресейдің өзінде 25-40 жас аралығындағы адамдардың өлім көрсеткіші арта түсті " ,- деп тұжырымдайды Д.Аронов өзінің клиникалық тәжірибесіне негіздей отырып. Қазақстандық дәрігерлер де қатерлі статистиканы алға тартуда. Еліміздігі әрбір екінші тұрғынның өліміне жүрек-қан тамыры аурулары себепкер . Қостанайлық кардиологтар да жүрек ауруларының саны артқанын айтады. Олардың мәліметіне жүгінсек, соңғы үш жылда Қостанай облысында ауру диагнозы алғаш рет қойылған науқастар саны төрт есе өскен. Сипозиумға қатысушылар атеросклерозбен күресте дәрі-дәрмекпен емдеумен бірге жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алуға және емдеуге бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарлама қажет деген қорытындыға келді. "Кезінде осындай бағдарлама қабылдаған Еуропа мен АҚШ тәжірибесі оның тиімділігін дәлелдейді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатын ұлттық саясат деңгейіне көтеру нәтижесінде жүрек-қан тамыры ауруларының салдарынан қайтыс болу деңгейін едәуір азайтып, азаматтардың жалпы ғұмыр жасын ұзартуға жағдай жасады",- дейді дәрігерлер.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть