Жарияланды: 420

Қостанайда қала әкімінің екінші орынбасы да қамауға алынды

Қостанайда кезекті құрықтау! Бүгін қала әкімінің тағы бір орынбасары тұтқындалды. 36 жастағы Фрунзик Аракелянның да қолына кісен тура жұмыс кабинетінде салынған. Әзірге басқа ақпарат айтылмай отыр. Екі бірдей орынбасары ұсталған қала әкімі де істің мән-жайынан хабарсыз. Болжамдарға қарағанда Аракелян мен кеше кабинетінде парамен ұсталған әріптесі Мақсұт Қалиев ісінің бір-бірімен байланысы бар.

Қостанай қаласының әкімі небәрі екі күннің ішінде қос орынбасарынан қатар айырылып қалды. Кеше оның әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары – Мақсұт Қалиев кабинетінде 13 миллион теңге пара алып жатқан жерінде ұсталса, бүгін коммуналдық шаруашылық бөліміне жауапты - Фрунзик Аракелянның қолына кісен салынып отыр. Әкімнің өзі де жұмыс орнында төбе көрсетпеген.

Әрине, қос орынбасардан айырылу оңай ма? Көргендер сөзіне қарағанда, қала әкімі Ахметбек Ахметжанов шошып қалған көрінеді. Ұяттан қысылса керек, тілшілермен кездеспек түгілі қызмет орнына да келмей жүр.   

- Неужели вы не слышали про коррупционный скандал?

- Некоторые, что удивительно, вообще не в курсе, что происходит в городе. Не знают госслужащие, и куда делось их руководство.

- Нет

- Все об этом говорят.

- Я не знаю.

- Вы не читаете СМИ?

Тілшілерге тек әкімдіктің баспасөз қызметі тіл қатты. Онда да жауаптары қысқа. Айтуларынша, Фрунзик Аракелян да кабинетінде отырған жерінен құрықталыпты.

Самат Жанділдин, Қостанай қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Мен өз басым көрген жоқпын. Сондықтан ешқандай ақпар айта алмаймын. Қазір Фрунзик Аракелянның кабинеті жабылып, ондағы құжаттарының барлығы жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жіберілді.

Болжамдарға қарағанда, Фрунзик Аракелянның тұтқындалуы тікелей Мақсұт Қалиев ісімен байланысты көрінеді. Әлеуметтік істер жөніндегі орынбасар да кеше өз кабинетінде тұтқындалған. Оған жергілікті «СЫЛ» серіктестігінің басшысы Гагик Овнаняннан 13 миллион теңге пара алды деп айып тағылған болатын. Бұл сомаға Қалиев Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын жүргізуге рұқсат беруі тиіс болыпты.      

Рүстем Қаркенов, Қостанай қалалық әкімдігінің аппарат жетекшісі:

- Әрине, жаман болды. Оның үстіне араларына бір күн салып тіркеліп отыр. Әзірге жағдайды әкміге де түсіндірген жоқ. Әкім қатты қапалы. Өзіміз де қызметтік тексеру жүргіземіз.

Қазір Мақсұт Қалиев пен оған пара ұсынған кәсіпкер 2 айға қамауға алынған. Ал Фрунзик Аракелянның нақты қайда екені білгісіз. Былықтың шетінен ашылып жатқанына қарағанда шулы құрықтаулардың әлі де жалғасатын түрі бар. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін