Қостанайда сотталғандар тәртіпті болса туыстарын көбірек көре алады - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қостанайда сотталғандар тәртіпті болса туыстарын  көбірек көре алады

Қостанайда сотталғандар тәртіпті болса туыстарын көбірек көре алады

Қостанай түрмесіндегі жазасын өтеушілерге тәртібі үшін баға қойылады. Тәртіпке бағынбағандардан бір балл алынса, еңбекқорлығымен көзге түскендерге ұпай қосылмақ. Жинаған ұпайлардың санына қарай туған-туыспен кездесу жиілігі артып, тұратын орынның жағдайы дұрысталып отырады.

  • 31 Қаңтар 2015
  • 319
Фото - Caravan.kz

Елена Ерденова осыдан 4,5 жыл бұрын наша саудасы үшін 6 жылға темір торға қамалған. Тәртібі түзу болған соң жақында күндіз тысқа шығып, түнде келетін колонияға ауыстырылыпты. Бақытын дәл сол жерден тапқан екен. Асхана қызметшісі болып жұмыс істеп, қазіргі жары Саматпен танысқан. Мерзімінен бұрын бостандыққа шығу үшін енді олар тәртібін түзеп, ұпайлар санын көбейтуде.

Елена Ерденова, жазасын өтеуші:

Бізге сөгіс те жарияланды, алғыс та айтылды. Қолымыздан келгенше тәртіпке бағынуға тырысамыз. Жазасын өтеп жатқан әр адам үйге оралуды армандайды. Балаларымызды бостандықта тәрбиелеуді жоспарлап отырмыз.

Ал Василий Губенко түрмеге біреуді ауыр жаралағаны үшін түскен. Жазасының жартысын өтеп болды. Алда әлі 1,5 жылы бар. Уақытты босқа өткізбей жергілікті цехқа жұмысқа тұрды. Себебі берілетін жалақы жаман емес, оның үстіне бостандыққа шығуға септігін тигізеді.

Василий Губенко, жазасын өтеуші:

— Маған ұнайды, дәл осылай болу керек деп ойлаймын. Тәртіп сақталады, қазір бір алғыс берілді.

Сотталғандардың жүріс-тұрысына арнайы комиссия үш балдық көрсеткіш бойынша баға береді. Алғыс еңбек еткендер мен бұзақылық жасамағандарға айтылмақ. Сондықтан жазасын өтеушілер қазір кітап оқуға әуестеніп, барлық мәдени шаралардан шет қалмауға тырысады екен. Ал құмар ойын ойнап, ішімдік ішкендер мен жұмыстан бас тартқан жандар сөгіс астында қалады. Үш ұпайды толық алған адамдар туған-туыстарымен әдеттегідей айына екі мәрте емес, 4 рет кездесу мүмкіндігіне ие болады.

Елена Марченко, УК 161/11 түзеу мекемесінің психологы
:

— Тәртібі түзу жазасын өтеушілер мекемеде жеңілдіктерге қол жеткізеді. Олардың өмір сүру жағдайы жеңілдетіліп, жалпы режимден жақсырақ болады. Ал тәртіпке көнбейтіндеріне қатысты қатаң жаза қолданылады.

Жаңалықты енгізген мекеме 510 қылмыскерге арналған. Бірақ қазір ол жерде 238 адам отыр. Жағымды өзгеріске қол жеткізіп, ұпайлар санын көбейту арқылы бостандыққа мерзімінен бұрын шыққысы келген жазасын өтеушілерден еліміздің әр тұсынан осы жерге ауыстыру жайлы өтініштер түсуде.