Жарияланды: 1200

ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі еңбекпен қамту жөніндегі агенттіктердің жұмысына қанағаттанбайды

13-маусымда Астанада өткен "Елге жұмыс күшін әкелу және шығару жөніндегі жекеменшік агенттіктердің іс-қызметі " тақырыбындағы республикалық семинар-мәслихат барысында ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі еңбекпен қамту жөніндегі агенттіктердің жұмысына сын айтты,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Батыржан Ашитовтың пікірінше, елге жұмыс күшін әкелу және шығару жөніндегі жекеменшік агенттіктердің іс-қызметі жетілдіруді талап етуде. Агенттіктер мемлекеттік құрылымдармен мүлдем араласпайды, әрі еліміз бойынша тіркелген агенттіктердің баршасы дерлік Еңбек заңын бұзуда. Көп жағдайда олардың жұмысы адам саудасына ұласады. Шетелдерге жұмыс іздеп шығатын Қазақстандық азаматтар жұмыс берушілермен келісім-шартқа қол қоймайды, көбінесе болашақ айлық жалақысынан бейхабар күйде шетелдерге аттанады. Сонымен бірге , азаматтар шетелдерге туристік визамен шығатындықтан оларды іздеуде елшіліктер қиындықтарға душар болуда. Жеке меншік агенттіктердің арасында өз клиенттеріне әлеуметтік және отанына қайта оралуы жөнінде кепілдік беретіндері некен-саяқ. Ал ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту мәселесімен айналысатын агенттіктер саусақпен санарлық. Сонымен бірге, Қазақстанға еңбек мигранттарын тарту мәселесі де өзекті мәселеге айналуда. Тек 2002-жылы ғана Қазақстанға 8800 адам келген. Олардың басым көпшілігі арнаулы мамандығы жоқ жұмысшылар. Министрліктің еңбек және жұмыспен қамту департаментінің директоры Дана Шайділдинованың айтуынша, олардың функциясын жергілікті түрғындар да атқара алады. Сол себепті, елімізге міндетті түрде арнайы жоғары мамандығы бар бірінші және екінші категориялы шетелдік мамандарды ғана әкелу туралы талап - лицензия беруде баса назар аударылатын талапқа айналмақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть