Жарияланды: 410

ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Астанада Еуропалық Комиссияның сыртқы байланыстар жөніндегі комиссарымен кездесті

Бүгін, 16-наурызда Астанада мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай Еуропалық Комиссияның сыртқы байланыстар жөніндегі комиссары Кристиофер Паттенмен кездесті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында Ж.Тұяқбай еліміздегі парламентаризм үрдісінің дамуы және парламенттің заң шығару жұмысы туралы әңгімелеп берді. Мәжіліс төрағасының айтуынша, "түрлі қателіктерге жол бермеу үшін еліміздің тиімді даму үлгісін іздестіруді одан әрі жалғастыра түсуі заң шығару жұмысына өзіндік әсерін тигізіп отыр". Ал К.Паттен өз тарапынан ұлтаралық тұрақтылық пен конфессияаралық қарым-қатынастарды қамтамасыз етуде Қазақстанның "үлкен табысқа" қол жеткізгенін атап өтті. Еуропалық Комиссияның сыртқы байланыстар жөніндегі комиссарының айтуынша, бұл республиканың Еуропалық қоғамдастықпен тиімді ынтымақтастық орнатуына жақсы негіз қалап отыр. Сұхбаттасының сауалдарына жауап берген Ж.Тұяқбай қазір парламентте талқыланып жатқан "БАҚ туралы", қаралып біткен "Сайлау туралы" заң жобалары мен қолданыстағы саяси партиялар туралы заңның ерекшеліктері жайында хабардар етті. "Бұл заңдар ешбір түзетуді қажет етпейтін ақиқаттар қатарына жатпайды, бірақ олар ағымдағы мақсат-міндеттерді шешуге бағытталған. Сонымен бірге олар сапалық жоғары деңгейге көтерілуді басты бағдар етіп ұстанады",- деді мәжіліс спикері.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін