ҚР премьер-министрі мемлекеттің "Қуат" корпорациясы" АҚ нысандарын сатып алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР премьер-министрі мемлекеттің "Қуат" корпорациясы" АҚ нысандарын сатып алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды

ҚР премьер-министрі мемлекеттің "Қуат" корпорациясы" АҚ нысандарын сатып алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды

Алматы. 4 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - ҚР премьер-министрі мемлекеттің "Қуат" корпорациясы" АҚ нысандарын сатып алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл туралы ол Алматы қаласының үлескерлері қатысқан тұрғын үй құрылысының жағдайы жайлы кеңес барысында мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

  • 4 Тамыз 2008
  • 535
Фото - Caravan.kz

«Қуат» компаниясынан қандай да бір, мысалы, Астана қаласындағы нысандарды сатып алу мүмкіндігін қарастырып көрейікші. Бірақ, бұл қаражаттың Алматы қаласының инфрақұрылымының дамуына мақсатты түрде жұмсалуын қадағалайтын боламыз», — деді К. Мәсімов.

Кеңес барысында «Сайран» ықшамауданында тұратын корпорация үлескерлерінің айтуынша олар бірнеше ай бойы коммуникацияға толық қосылмаған үйлерде тұрып жатыр. Көп қабатты үйлер осы жерде бұзылғанға дейін жер үйлер алған су мен электр қуатының көлемін алуда.

Үйлерді мемлекеттік комиссия пайдалануға қабылдағанына қарамастан тұрғындар бірнеше ай бойы пәтерлерінің құжаттарын ала алмай әуре-сарсаңға түсіп жүр.

«Қуат» корпорациясы» АҚ директорының орынбасары Иван Демин үлескерлердің сұрақтарына жауап бере отырып, 11 тамызда құжат беру басталатынын жеткізді.

Коммуникацияға байланысты И. Демин бүкіл «Сайран» ықшамауданын коммуникацияға қосу үшін 11 млрд теңге қажет екенін хабарлады. Бұған жауап ретінде К. Мәсімов корпорациядан бірнеше нысандарды сатып алуды ұсынды.

Сонымен қатар, И. Демин үлескерлерге бюджеттік қаражаттың көмегімен «Қуат» корпорациясы» АҚ-ның «Сайран» көп мақсатты тұрғын үй кешенінің 29 кварталының 2-кезегі, 46 кварталы, «Үштөбе» және «Тау самалы» тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқталатынын хабарлады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Алматы қаласының «Сайран» ықшамауданындағы құрылыс жұмыстары аяқталмаған жаңа үйлер біртіндеп «тастанды аймаққа» айналып барады

Қазіргі уақытта көптеген жасалмаған жұмыстарына қарамастан пайдалануға берілген алты үй біртіндеп бүлінуде. Тұрғындардың айтуынша, тұрғын үй құжаттарын оларға әлі бермеген. Ал адамдар болса, жасалмаған жұмыстарды өздері аяқтап, коммуникацияны да өздері тартып алуға дайын, деп жазылған мақалада.

«Біз үйіміз осылайша банк кепілдігінде қала бере ме деп алаңдадық. Егер жылжымайтын мүлік кепілдікте болса, оның құжаттарын бізге бермейді… Мұнда қалай өмір сүруге болады? Жарық үзіліп қала береді, үйдің шатыры жасалмаған, айнала толған кір-қоқыс. Биыл қыста да жылу болмауы мүмкін. Автономды жұмыс істейтін қазандық жайын ойластырудамыз. Бізді лақтырып кетті — үйді пайдалануға берді де қолдарын бұлғады», — деп мәлімдеді үй иелерінің бірі.

Біршама уақыт бұрын «Қуат» корпорациясы Алматыда 228 гектар аумақта «қала ішінен қала» салу бойынша орасан зор жобаны жүзеге асыра бастаған. Аудан алғашында «Манхэттен Қазақстан» деп аталып, кейіннен атауы «Сайран» болып өзгертілген. Мұнда эконом класстан бастап элиталық классқа дейінгі барлық деңгейдің үйлерін, сондай-ақ, бизнес-орталықтар тұрғызу жоспарланған. Кешен салынып біткенде онда 70 мың адам тұрады деп көзделген болатын.

Соған қарамастан, құрылыс аяқталмады. Апталық мәліметтеріне сүйенсек, салынып бітпеген нысандарды «Қуат» бірте-бірте несие берген банктерге өткізген. «Қаңтар айында мемлекеттік комиссия «29 квартал» кешенін пайдалануға қабылдап алу актісіне қол қойды. Ыстық судың, жылудың болмауына, шатырдың тесілгеніне және басқа да шала жұмыстарға назар аудармауды жөн деп тапқан сыңайлы», — дп көрсетілген мақалада.

Сонымен қатар, «29 квартал» кешенін корпорацияның қызмет көрсететін еншілес компаниялары тастап кете бастаған. Атап айтқанда, «KUAT ЛИФТ Монтаж» ЖШС 1 тамыздан бастап «қызмет көрсету келісімінің болмауына» байланысты лифтілерге қызмет көрсетуді тоқтатуға шешім қабылдаған.

Ал сол уақытта үйлердің бір бөлігі сол салынбаған қалпында қалған. Қазір ол үйлер тоналу үстінде. Нысанда қалған жұмысшылар жалақы бойынша үлкен қарыздарға байланысты шағым айтуда.

Ал «Қуат» корпорациясының сайтындағы Қазақстан «Манхэттенінің» құрылысына арналған мақалада «Манхэттен Қазақстан» жобасында 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй қарастырылған, деп жазылған. «Қазіргі уақытта ол жерлерде 13 мың адам тұрса, кейін ол тұрғын үйлерде 68 мың адам қоныс тебеді. Суперэлиталық тұрғын үйлердің салынуымен бірге біз әлеуметтік жағын да ойластырудамыз. «Манхэттен» аумағында мемлекеттік ипотекалық несиелендіру бағдарламасына жататын 58 мың шаршы метр тұрғын үй салынады», деп көрсетілген сайттағы мақалада.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті