ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі еліміздің Ғаламдық экологиялық қорға мүшелікке өтуі жөніндегі келісімге қол қойды - kaz.caravan.kz
  • $ 510.08
  • 539.61
-12 °C
Алматы
2024 Жыл
9 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі еліміздің Ғаламдық экологиялық қорға мүшелікке өтуі жөніндегі келісімге қол қойды

ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі еліміздің Ғаламдық экологиялық қорға мүшелікке өтуі жөніндегі келісімге қол қойды

Бүгін, 26-маусымда Алматыда ҚР үкіметінің тапсырмасымен қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова мен Швейцарияның қоршаған орта, орман және ландшафт жөніндегі Агенттігінің бас хатшысы әрі Ғаламдық экологиялық қордың Кеңес мүшесі Филипп Рош Қазақстан Республикасының Ғаламдық экологиялық қор Кеңесінің Швейцариялық сайлау округіне мүшелікке өтуі туралы келісімге қол қойды.

  • 26 Маусым 2003
  • 885
Фото - Caravan.kz

Келісімге қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін сөйлеген өз сөзінде Айткүл Самақова еліміздің Ғаламдық экологиялық қорға мүшелікке өтуі аталмыш қордың қаржысына қол жеткізу мүмкіндігін берумен қатар Қазақстандағы өз жобаларымыз бен ірі экологиялық жобаларды жүзеге асыруға қосымша қаржы көздерін бөлу жөнінде халықаралық деңгейде шешім қабылдатуға жол ашатынын атап көрсетті.

Сонымен бірге, экономикалық өтпелі кезеңдегі елдерге арналған Швейцариялық сайлау округіне мүшелікке өту — бірлескен трансшекаралық аймақтық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазір аталмыш округке Орталық Азияның басқа да республикалары мен Әзірбайжан мүше болып табылады.
Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде экологиялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалып отырған қаржы тым мардымсыз , шамамен 35,9 млн. долларды құрайды. Осы тұрғыда Қазақстанға бөлінген қаржының бірінші траншы 8,7 млн. долларды құрады. Бұл қаржы Балхаш, Алакөл және Орал өзені сағаларындағы экологиялық жүйені сақтап қалу, сондай-ақ, Астана маңындағы құстар популяциясын қорғау жобаларына арналды. Ал басымдық берілген жобалар ретінде А.Самақова Қазақстан Республикасындағы шөлейттенумен күрес жобасын атады.
Ф.Роштың айтуынша, Қазақстанның Ғаламдық экологиялық қор Кеңесінің Швейцариялық сайлау округіне мүшелікке өтуі тек қордың ғана емес, сондай-ақ, Орталық Азия аймағындағы экологиялық ахуалдың жақсаруынан мүдделі басқа да донорлардың қаржысын тартуға мүмкіндік жасайтынын баса айтты. Қазірдің өзінде биологиялық түрлерді сақтау, ауа райы ахуалының өзгеруіне бақылау қою, су ресурстарын басқару және химиялық заттарға бақылау қоюға бағышталған бағдарламаларға қаржы бөлу жөніндегі мәселелер оң шешімін тапты.