Жарияланды: 1200

ҚР ҰҒА-ның зоология институтының ғалымдары ұшақпен ақбөкен санағын жүргізді

ҚР ҰҒА-ның зоология институтының ғалымдары мен "Охотзоопром" мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері соңғы бірнеше жыл ішінде алғаш рет Қызылорда облыстық орман және аң шаруашылығы жөніндегі аумақтық басқармасы мамандарымен бірлесе отырып ұшақпен ақбөкен санағын жүргізді.

Санақ нәтижесінде ғалымдар санағына шамамен 7 мыңдай ақбөкен іліккен. Ал осыдан оншақты жыл бұрын дала антилопасының тұяқ саны 70 мыңнан асып жығылатын. Ғалымдардың пайымдауынша, көне хайуанаттар санатындағы ақбөкен санының күрт азаюына Арал аймағындағы экологиялық ахуалдың нашарлауы, браконьерліктің кеңінен етек алуы, оған қоса түз тағысы - қасқырлардың белсенділігінің арта түсуі әсер етті. Облыстық орман және аң шаруашылығы жөніндегі аумақтық басқармасының маманы Талғат Досмаиловтың айтуынша, ақбөкеннің миграциялық жолдарын бойлай ұшақпен аралап шығуға ҚР ауылшаруашылығы министрлігі қолұшын берген көрінеді. Осы орайда естеріңізге сала кетсек, орман және аң шаруашылығы комитеті жаңа жылдың басынан бері осы министрліктің құзырына берілген болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть