Баспасөз қызметінің хабарлауына, комиссия отырысының күн тәртібіне төрт мәселе енгізілді. «Қазақ тілін оқыту мен оқу-әдістемелік құралдарының жай-күйі және «Қазтест» мемлекеттік тілді бағалау жүйесінің әзірленуі туралы» ҚР білім және ғылым министрі Ж. Түймебаев, тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі А. Есімов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары С. Сейдуманов және мемлекеттік тілді дамыту жұмыстарын ақпараттық қолдау жөніндегі медиа-жоспарды бекіту туралы мәдениет және ақпарат министрі Е. Ертісбаев хабарлама жасады.
Алғашқы мәселе бойынша сөз алған білім және ғылым министрі елімізде мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі 16 ұлттық орталық ашуды ұсынды. Ұлттық орталық «Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейін бағалау және мемлекеттік қызметкерлерді алты жүйе бойынша қазақ тіліне кешенді оқытып, үйрету шараларын қолға алмақ.
Комиссия отырысында тілдерді дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаның орындалуы жайында есеп берген ауыл шаруашылығы министрі А. Есімовтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарынан басқа облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының барлығы іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп келеді. Екі облыста іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру 2008-ші жылға дейін аяқтау жоспарланған. А. Есімов министрлік 3 томдық қазақша-орысша сөздік дайындап, шығарғанын атап өтті.
Комиссия мүшелері жергілікті атқарушы органдарындағы тілдік ахуал жайында Алматы қаласы әкімінің орынбасары С. Сейдумановтың есебін тыңдады. Оның айтуынша, биыл мемлекеттік тілді дамытуға қала бюджетінен 66 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатты келесі жылы көбейту жоспарлануда. Қазір Алматы қаласындағы мемлекеттік қызметкерлердің 34 пайызы мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізе алса, 35 пайызы бұл іске қабілетті. Сондықтан қалада тілді оқыту әдістемелік орталығы құрылған.
Жиынды қорытындылаған премьер-министр, ҚР үкіметі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның төрағасы К. Мәсімов бұдан былай комиссия отырысының күн тәртібіне айырықша мән беру керектігін қадап айтты. Комиссияның келесі отырысында мемлекеттік тілді дамытуға арналған қаражаттың жұмсалуын, келесі жылға арналған көлемін, оны пайдалану тетіктерін анықтау, сондай-ақ, әкімшілік реформа шеңберінде мемлекеттік тілді оқыту ұлттық орталығына қатысты мәселелерді талқылауды ұсынды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті