ҚР Ұлттық банк төрағасы SPV схемасы бойынша шығарылған облигацияларды Зейнетақы Жинақтаушы қорлардың сатып алуына тыйым салу қажеттігінің негіздемесін ортаға салды - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР Ұлттық банк төрағасы SPV схемасы бойынша шығарылған облигацияларды Зейнетақы Жинақтаушы қорлардың сатып алуына тыйым салу қажеттігінің негіздемесін ортаға салды

ҚР Ұлттық банк төрағасы SPV схемасы бойынша шығарылған облигацияларды Зейнетақы Жинақтаушы қорлардың сатып алуына тыйым салу қажеттігінің негіздемесін ортаға салды

Бүгін, 8-қазанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко SPV схемасы бойынша шығарылған облигацияларды Зейнетақы Жинақтаушы қорлардың сатып алуына тыйым салу қажеттігінің негіздемесін ортаға салды.

  • 8 Қазан 2003
  • 620
Фото - Caravan.kz

«Ондай облигацияларды сатып алуға тыйым салған себебіміз, Қазақстанда жұмыс істеп, осында салық төлейтін ұйымдардың елімізде шығарған қаржылық құралдарын сатып алу дұрыс деп санаймыз»,- деді Г.Марченко.

Ұлттық банк төрағасының айтуына қарағанда, жалпы SPV схемасы «белгілі бір кезеңде ғана уақытша қолданған шара болатын».
«Біздің пікірімізше, экономиканы доллардың тегеурінінен құтқару және ашықтық туралы мәселе көтеріле бастаған дәл қазіргі кезеңде SPV схемасын қолданудың қажеті жоқ»,- деді Г.Марченко.
«Осы мәселе тұрғысындағы өз позициямызды біз көптен бері айтып келеміз, тіпті осыдан жарты жыл бұрын тыйым салынатындығын жарияладық. Соған қарамастан дәл қазір олар үшін (Зейнетақы Жинақтаушы қорлар мен банктер) бұл мүлдем күтпеген оқиға болғандай кейіп таныту — әділеттілікке жатпайды»,- деп атап көрсетті бас банкир.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, зейнетақы активтерін инвестициялау жөніндегі таяуда ғана күшіне енген Ұлттық банк тәртіптеріне сәйкес, Зейнетақы Жинақтаушы қорларға арнаулы кәсіпорындардың SPV облигацияларын сатып алуға қаржы жұмсауға тыйым салынған болатын. Ұлттық банк өте қауіпті құралдардың қатарына қосқан осындай облигация шығару схемасын сол үшін арнайы Нидерландыда құрылған салалық компаниясының көмегімен Қазкоммерцбанк пен ТұранӘлембанкі қолданып келген болатын. Жаңа тәртіп бойынша, Зейнетақы Жинақтаушы қорлары аталмыш екі банктің 8 млрд. теңге көлеміндегі еврооблигацияларын 6 айдың ішінде сатуға тиіс.
Сондай-ақ, «Теңізшевройл» ЖШС де осы схема бойынша өз облигацияларын шығаруды жоспарлаған болатын. Алайда, осыған байланысты Г.Марченконың айтуынша, зейнетақы активтерін осындай бағалы қағаздарға инвестициялауға Ұлттық банк тарапынан салынған тыйымды ескере отырып, компания ондай облигация шығарудан бас тарта алады.
«Өз басым олардың қаржылық есебіне қатысты құжаттарды мүлдем көрген емеспін. Соған қарамастан зейнетақы активтерін осындай құралдарға салуға рұқсат беруді өтінген хаттар келіп жатады. Зейнетақы активтерінің сақталатынына сенімді болу үшін мұндай қаржылық құралдар шығаратын компаниялардың іс-қызметінің ашықтығы мен жариялылығына күмән болмау керек»,- деп мәлімдеді Г.Марченко.
Ұлттық банк төрағасының пікірінше, «Теңізшевройл» ЖШС-ін Акционерлік қоғам ретінде қайтадан тіркеу- ең тиімді жол болмақ. Сонда ғана компания тиісті қаржылық есепті заң бойынша жариялап, акциялар шығара алады.