Конференция әлемдік қауымдастық өкілдерінің, парламентшілер және сарапшылардың қатысуымен биыл 29 тамызда Астанада өтеді.
Кеңесті аша келіп, Қ.Тоқаев: «Қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіне қомақты үлес қосқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шын мәнінде жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың мойындалған көшбасшысы болып табылады», — деді. Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізінде ядролық қарудан толық арылу идеясы жатыр. «Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының атаулы күні Қазақстан ғана емес, күллі әлем қауымдастығына жер жүзінде орнықты бейбітшілікті қалыптастырудың бірінші кезектегі маңыздылығы туралы ойлануға игі себеп болуы тиіс», — деді Сенат басшысы. Осыған байланысты Парламенттің жоғары палатасының Төрағасы жиналғандарға конференцияны өткізудің мазмұндық және ұйымдастыру мәселелерін мұқият әзірлеуді тапсырды.
Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев өз сөзінде Ұйымдастыру комитетінің мүшелерін конференция алдында тұрған міндеттермен таныстырды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко форумға әзірліктің мазмұндық және ұйымдастыру мәселелері, серіктестермен, оның ішінде халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл туралы ақпаратпен таныстырды.