«Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» - республикалық басылымдарға шолу
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» атты форум-көрмеге қатысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, форум Астанадағы «Көрме» орталығында өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 800-ден астам адам келді. Президент алдымен 139 қазақстандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің тауарлары |
ұсынылған «Қазақстандық қамту-2011» атты көрмені аралап көріп, 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылған Қазақстанның индустрияландыру картасының жобасымен танысты және жоба бойынша облыстар әкімдерінің есептерін тыңдады. Президентке жалпы құны 114 млрд. теңгені құрайтын Индустрияландыру картасының 75 инвестициялық нысаны таныстырылды. Бұл өндірістердің ашылуымен қатар 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласының жаңа көлік жүйесі» жобасы іске асырыла бастауына орай капсуланы қалау рәсіміне қатысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Жалпы ұзындығы 41,81 шақырымдық жобаны 3 кезеңде жүзеге асыру жоспарланған: «Әуежай - Әбу-Даби Плаза» бағыты бойынша 1-ші кезеңі, «Әбу-Даби Плаза - Темір жол вокзалы» бағытында 2-ші кезеңі, «Темір жол вокзалы - Әбу-Даби Плаза» бағытында 3-ші кезеңі іске асырылмақ. Астана қаласының әкімдігі тарапынан арнайы «Астана LRT» ЖШС компаниясы құрылды. Бұл компания жеңіл рельсті трамвай құрылысы мен жобалауға тапсырыс беруші ретінде құрылып отыр. Мақала «Жүрдек трамвай жүйткитін болды» деген тақырыппен берілген.
***
Кеше Тәуелсіздік сарайында ІІ Халықаралық тау-кен-металлургия Конгресі шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «XXІ ғасырдағы тұрақты дамудың ғаламдық энергоэкологиялық стратегиясы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұл кітап автордың алдағы еңбектерінің қисынды жалғасы болып, 2012 жылдың «РИО-20» Тұрақты даму бойынша дүниежүзілік саммитіне өзіндік ерекше жолдау болып табылады. Сонымен қатар әлем және ЕурАзЭҚ елдерінің ғаламдық энергетикалық және экологиялық қауіпсіз дамуын құру мәселелерін теориялық және әдістемелік зерттеулері циклының аяқталуы болып табылады. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Бағдарды көрсеткен баянды еңбек» деген тақырыппен берілген.
«Айқын» газетінің жазуынша, ақтөбелік екі полицейді атып кеткен алты күдікті іздестіріліп жатыр. Шұбаршы ауылына жұма күні күдіктілерді ұстау үшін облыстық ІІД, ішкі әскер жасақтары мен «Сұңқар», «Бүркіт», «Арлан», «СОБР» арнайы топтары жұмылдырылды. Сонымен қатар әуе техникасы бөлінді. Оларды ұстау кезінде арнайы жасақ сарбазы Руслан Жолдыбаев қаза тапты, үшеуі облыстық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатыр. Оқиғаның мән жайын білгіңіз келсе, «Алты күдікті іздестіріліп жатыр» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.
***
Кеше елордадағы «Көрме» кешенінде өткен «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз» атты индустриялық-инновациялық форумға орай «Алаш айнасы» газетінде «Қазақстанда жасалған» тауарларды көптеп шығару баршамыздың міндетіміз» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. «Біз бәсекеге қабілетті 50 елдің арасына кіреміз дедік. Міне, бүгін тағы да бір қадам соған жақындап отырмыз. Екіншіден, бүгінгі көрмеге Қазақстанда атқарылып отырған шаралардың барлығы қойылып отыр. Оған 139 отандық тауар өндірушілер қатысуда. Сондықтан жылдан жылға «Қазақстанда жасалған» деген тауарлар шығаруды арттыру баршамыздың міндетіміз», - деген Елбасы форум барысында.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Алмазбек Атамбаевты қабылдады. Кездесу барысында бірқатар екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. «Біз әрқашан Қазақстанның, Қазақстан Президентінің - құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бауырластығына арқа сүйеп келеміз. Біздің арамызда жақсы қарым-қатынастар қалыптасқан. Қазақстан Президентінен үйренеріміз көп. Мен Президент таңдауда Қазақстанның өте жолы болғанын жиі айтатынымды жасырғым келмейді. Бұған Астана қаласы дәлел болып табылады», - деді А.Атамбаев журналистерге арналған брифингте.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін