Төтенше жағдайлар қызметін аяқтарынан тік тұрғызған апаттың салдары ойлағаннан да орасан болды. Тал түсте басталып іңірге дейін іркілмей аққан ыстық су 9 адамды күйдіріп кеткен болатын. Оның жетеуі періштесі қағып болмашы күйікпен құтылса қалған екеуінің тәнінде айтарлықтай тыртық қалды. Бірі қайнаған су аққан жолды кесіп өтемін деп жазым бола жаздаған 60-ты алқымдаған әйел. Екіншісі 16 жасар студент. Жігіт қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Рүстем Қадырбаев, Алматы қалалық жедел көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
-Науқастың жағдайы ауыр. Қолдан келгенді жасап жатырмыз. Ал екінші азаматшаның денесінің 10 пайызын күйік шалғандықтан әлі де бірер апта біздің бақылауымызда болады.
— Елдің есін алған апаттан бері тура тәулік өтті. Жарылған жылу құбырының орны әлі де мен мұндалап тұр. Бүгін тілшілерді түгел жинаған жауаптылар қыстың көзі қырауда жылусыз, ыстық сусыз қалған барлық ғимараттарды жылумен жарылқадық деп сендірді. Бірақ Оңтүстік астананың жылу жүйелеріне басына жауапты мамандардың берген ақпараттары көңіл көншітпейді. Сол ақпарларға сүйенсек, Алматының жылу құбырларының 8 пайызға жуығының қолдану мерзімі өтіп кеткен, ал 60 пайызы мүлдем іске жарамсыз.
Былтыр да дәл осы құбыр жарылып қыруар шығын әкелген еді. Одан да сабақ алмағандардың кесірінен Алматының тот басқан құбырлары бүгін-ертең жарылып талайды майып қылуы мүмкін. Жыл басынан бері жылу жүйесінде кешегі жайтты қоса алғанда 1976 апат болған.
Дәурен Әлімбеков, “Алматы Жылу Жүйесі” ЖШС бас директоры:
-Алматының өзінде қолдану мерзімі өтіп кеткен жылу құбырларының ұзындығы 700 шақырым. Біз жылына тек 20 шақырымын жаңалай аламыз. Әбден тозған құбырларды бір мезетте ауыстырып тастауға қауқарымыз жоқ. Сондықтан апаттарда жиілеп кетті.
Шенеуніктер үшін тым сирек қылық шығарып, қатесін әрі қауқарсыздығын мойындаған мекеме барлық зардап шеккен жандарға өтемақы төлеп бермек.