"Құдаймен қарым-қатынасың әйеліңмен төсекте жатқаныңнан да құпия болуы керек": Жазушы Ауғанстаннан да нашар елге айналуымыз мүмкін екенін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 439.4
  • 473.54
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
11 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Құдаймен қарым-қатынасың әйеліңмен төсекте жатқаныңнан да құпия болуы керек": Жазушы Ауғанстаннан да нашар елге айналуымыз мүмкін екенін айтты

"Құдаймен қарым-қатынасың әйеліңмен төсекте жатқаныңнан да құпия болуы керек": Жазушы Ауғанстаннан да нашар елге айналуымыз мүмкін екенін айтты

Кеше Шам театры Иран конференциясы атты қойылымының тұсауын кесті. Кейіпкерлері «Екі күш күресіп жатыр: Алла мен Coca Cola» деп сөйлейтін конференцияда екі түрлі түсініктің қақтығысы туралы сөз болады.

  • 25 Қыркүйек 2023
  • 19387
Фото - Caravan.kz

Соңғы уақыттары мектепте хиджаб кию мәселесі қатты талқыға түскені белгілі. Танымал ақын Ринат Зайытовтың «Қазақстанда алаяқтықтың 80 пайызын жасап отырған қауым — намаз оқитындар" деген мәлімдемесі де қоғамда дау туғызды. Бір топ Ринат Зайытовты қолдаса, енді бір топ қарсы пікір айтқан.

Қойылымның дәл осы уақыттарда «діни дәстүршілдік» пен «гуманистік рационализм» түсініктерінің қақтығысын сахнаға алып шығуы сәйкестік пе? Қойылымды қазақ тіліне аударған жазушы Алишер Рахаттан сұрап көрдік, деп жазады Caravan.kz медиа-порталы.

«Бұл көктемнен бері дайындалып жатқан қойылым. Жәй сәйкестік қана. "Мектепте хиджаб кию" тамыздан бері қатты талқыланып жатыр ғой. Ол кезде мен ойымды ашық айттым. Біз зайырлы мемлекетпіз. Мектеп оқушысына хиджаб кигізуге мен өте қарсымын.

Біз Англия емеспіз. Англияда рұқсат береді. Себебі, олар империя. Біз кішкентай ғана мемлекетпіз. Бізде хиджаб киюге рұқсат берілсе, ары кетсе Ауғанстан ғана шығады. Ауғанстаннан екі есе нашар мемлекет шығады. Адам 18-ге толсын. Одан әрі хиджаб кие ме, басқасын кие ме ол өзінің еркі. Және де мен мектепте қысқа кию, шаш бояу секілді дүниелерге де қарсымын. Мектепте бір форма болу керек. Сол тәртіпке бәрі бағыну керек", — дейді жазушы. 

"Қойылымдағы Иран еліндей ахуал біздің елімізге де орнауы мүмкін деген қауіп бар  ма?" деген сауалымызды қойған едік.

"Менің ойымша, бізде әсіредіншілдік өте қатты науқан алып кеткен. Оны дінді көп насихаттаудан байқауға болады. Телеарнада, жалпы кез келген әртіс насихаттап жатыр. Соның салдарынан оң мен солын ажырата алмайтын мектеп жасындағы балалар діни пропаганданың ықпалына түсіп қалып жатыр. Дей тұрғанымен де мемлекетке төніп тұрған тікелей қауіп жоқ қой деп ойлаймын. Қауіп төнген жағдайда Өзбекстандағыдай бізде хиджаб пен сақалға тиым салуы мүмкін.

Дін ұстанатын адам болсын, атеист болсын ортақ бір компромисске келуіміз керекпіз. Соны режиссер де, автор да көздеген сияқты.

Кім діни сенімін ашық көрсетіп және соны сарттар сияқты сатады… Яғни намаз оқитынын айта отырып турларды, жайнамазды сатады. Бұл менің ойымша сарттық, саудагерлік. Құдайын сату деген меніңше осы. Біздің қоғам дәл қазір осымен ғана айналысып жатыр. Имамдар дінді насихаттай алады. Себебі, оларда теологиялық білім бар. Ж. Руми айтқан «Сенің Құдаймен қарым-қатынасың сенің әйеліңмен төсекте жатқаныңнан да құпия болуы керек» деген.", — деді.


"Иран конференциясының" авторы танымал драматург Иван Вырыпаев. Бұл бұған дейін Ресейде орыс тілінде қойылып келген туынды болатын. 

Келген қонақтардың арасында коуч Роза Әшірбаева болды. Қойылым жайлы:  

"Қойылымнан адам құқықтары мәселесі жөнінде жақсы диалог күтемін. Адам құқықтары қазіргі кезде мені де уайымдатып жүрген дүние. Біздің қоғамда да ондай көп мәселе бар. Әйелдің құқықтарының тапталуы бар", — деді ол. Ал, мектепте хиджаб кию мәселесіне қатысты "қолдаймын" деген жауабын айтты. 

"Менің ойымда әр адам қоғамда өзін қауіпсіз сезіну керек. Және өзінің қалаған киімін, өзінің қалаған дінін ұстауға құқығы бар деп ойлаймын", — деген пікір айтты.  

Айта өтейік, Şam театры – спектакльдері қазақ тілінде қойылатын еліміздегі тәуелсіз шығармашылық ұжым. Театрдың негізін қалаушылары – өнер қайраткерлері Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжит.

Театрдың екінші маусымын ашқан бұл спектакль  Самал Еслямова, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Зарина Кармен, Сағызбай Қарабалин, Ерлан Біләл, Дархан Сүлеуменов, Нұрғиса Қуанышбайұлы, Ақбота Рахат, Алмат Құрақ сынды актерлық құрамнан тұрды. Режиссеры Фархад Молдағали. 

 

Соңғы жаңалықтар