Жарияланды: 690

Құс төресі бүркітті 50 жылдан соң тек «Қызыл кітаптан» көруіміз мүмкін

50 жылдан соң бүркіттерді саусақпен санайтын боламыз. Мамандар жыртқыш құстың саны жыл санап сиреп барады деп дабыл қағуда. Табиғи ортада азық таба алмай қырылып жатқан құстарды сақтап қалудың жолы да жоқ емес. Осы ретте бірнеше жоба қолға алынбақ. Яғни қолда өсірілген балапандарды жабайы ортаға бейімдеп, еркіндікке жібермекші.

Бұл аяғынан арқанмен байланса да, көк аспанды қақ жарып ұшсам деп еркіндікті аңсаған қыран құстың бейнесі. 30 жыл бұрын Қызыл кітапқа енгізілген бүркіттер бүгінде жабайы табиғаттан жоғалып кетудің сәл-ақ алдында тұр. Биыл арнайы экспедиция ұйымдастырып, еліміздің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарға зерттеу жүргізген мамандар осылай деп дабыл қағуда.

Николай Березовиков, ҚР Зоология институтының зертхана меңгерушісі:

- Шұғыл шараларды қолға алмасақ, 50 жылдан соң бүркітті тек суреттерден тамашалап қалуымыз мүмкін. Бұған дейін қыран құстың қанша жұбы елімізді мекен ететінін ешкім зерттемеп еді. Арнайы жүргізілген экспедиция барысында жағамызды ұстайтын деректерге тап болдық. Қазір 30-40 шақырымға бір жұптан, кей аймақтарда 100 шақырымға дейін сиреп кеткен.

Экспедиция мүшелері зерттеуді Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарында жүргізген. Олар бүркіттің соңғы уақытта ұясын жиі ауыстыратынын анықтапты. Соңғы уақытта тырнаққа ілінетін суыр, қоян сияқты кеміргіштердің саны сиреген. Бұл құстың қырылуының ең басты себептерінің бірі дейді ғалымдар. Зерттеу жүргізілген аймақтарда мыңдап саналған бүркіттің қазір жабайы ортада тек 700-ге жуығы қалыпты. Сондықтан іске білек сыбана кірісетін уақыт жетті дейді мамандар. Қазір бүркіттердің балапанын арнайы орталықта бағып, жабайы ортаға бейімдеу жұмыстары қолға алынуда.   

Ашот Анзоров, жыртқыш құстар тәлімбағының директоры:

- Әзірге қолда өсірген құстарды жабайы табиғатқа қалай бейімдеу жағын ойластырып жатырмыз. Бүркіт екі айға толғанда оны еркіндікке жіберіп, сол жерге өзіміз азық тасып тұрамыз. Кейін кеміргіштерді, ұсақ құстарды өзі аулай бастағанда қоя береміз.

Әзірге еліміздегі жалғыз жыртқыш құстар өсіретін орталықта 18 қыран бар. Өз бетімен азық ұстап көрмеген құстарды аяғынан арқанмен байлап, түлкі мен қоян терісіне салуда. Егер жоба сәтті шығып жатса, қасиетті құстың саны қайта қалпына келмек. Қыранды қолда өсіріп, табиғатқа жіберу үрдісі келесі жылдың көктемінде басталады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін