Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Жамбыл өңірінде 238, Түркістан облысында — 273 қанатты қырылған. Естеріңізге салайын, қыркүйек айының басында Солтүстік Қазақстанда жоғары патогенді құс тұмауы табылып, оның жабайы қанаттылардан жұққаны анықталған еді. Індет тіркелген облыстардың саны бүгінде жетеуге жеткен.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
ҚЫЗҒАЛДАҚ ЖҰБАТҚАНОВА , ҚР АШМ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Қазақстан аумағының екі облысында тіркелді. Құс өлімі ол Жамбыл облысы және Түркістан облысы. Жамбыл облысының сараптамасы бойынша құс тұмауы көрсетілді. Ал, Түркістан облысы бойынша әлі зерттеуде. Зерттеу дайын болғаннан кейін қосымша айтамыз».
Дегенмен, Түркістан облыстық ауылшаруашылық басқармасы аймақтағы құстардың өлімін індетпен байланыстыруға әлі ерте дейді. Қырылған қанаттыларды тексеру үшін сараптамаға жіберіпті. Оның қорытындысы алдағы күндері белгілі болмақ. Ал, елімізде құс тұмауы өршіп бара жатқандықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің 4 аймағын қосымша вакцинамен қамтамасыз етуде. Атап айтқанда, Ақмола , Қостанай, Қарағанды, Жамбыл облыстарына 1 млн данасы жіберілген. Одан бөлек тағы 700 мыңға жуық вакцина сатып алынған. Олар 1 қазанға дейін жеткізіледі. Індет бүгінде жеті аймақта тіркеліп отыр.