Осы басылымда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың мақаласы «Халықтың әл-ауқатын артыру — мемлекеттің негізгі міндеті» деген тақырыппен берілді. Министрдің алға тартқан деректеріне қарағанда, республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерді ай сайын 4 млн. адам немесе ел халқының төрттен бір бөлігіне жуығы алып отырады. Бұлар түрлі себептер бойынша әлі еңбек ете алмайтын немесе еңбек етуге мүмкіндігі жоқ және өз өмірін өз бетінше құра алмайтын адамдар. «Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,8 млн.-нан астам зейнеткер өмір сүруде. 2000 жылмен салыстырғанда олардың зейнетақыларының орташа мөлшері 10 есеге (4298 теңгеден 41790 теңгеге дейін) артты. Сондай-ақ, ҰОС қатысушыларына және мүгедектеріне, ҰОС-та қайтыс болған жауынгерлердің жесірлеріне, жетімдерге, егде жастағы адамдарға, бұрын зиянды өндіріс жағдайларында жұмыс істеген азаматтарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың да мөлшерлері тиісінше арттырылды»,- дейді Т.Дүйсенова.
*
Естімеген елде көп. Бар ғұмырын ғылымға арнаған ғалымдардың арасында «Ғылым туралы» заңды оқымағандары бар екен. Олар заңмен таныс болмағандықтан, министрлік жобама қаржы бөлмей жатыр деген шағыммен Мемлекет басшысын маңайлауды әдетке айналдырыпты. Ал жоғары оқу орындарын ғылыммен айналысуға құлықсыз ректорлар басқарып отыр. «Айқын» газетінің тілшісі бұл жайтқа Білім және ғылым министрлігінің кешегі кеңейтілген алқа отырысында қанығып қайтқан. «Ғалымдардың көбісі елдің Президентіне дейін барып, министр қаржы бөлмейді немесе қажетті көлемде бермейді деп айтып жатады. Бірақ бұл кісілер «Ғылым туралы» заңды оқымаған. Нақты жобаны қаржыландыруға министрліктің еш қатысы жоқ. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды ғылыми кеңес пен халықаралық сарапшылардың қарауына бергенбіз. Дәл осы кеңес қаржыландыру көлемі мен жұмыс сапасын айқындайды. Осы орайда ғылыми кеңестердің шешімі заңға сәйкес міндетті болып саналады»,- деді Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов. Мақала «Ғылым туралы» заңды оқымаған ғалымдар бар» деген тақырыппен жарияланды.
Ағымдағы жылдың өткен жеті айында облыс аумағына Кеден одағына мүше емес мемлекеттерден жеке пайдалану үшін заңды түрде 173 жеңіл көлік әкелінген. Олардан түскен кедендік төлемдер мен салықтардың көлемі — 156 млн. 212 мың 719 теңге. Ал соңғы кездері көрші қырғыз автокөліктерін Қазақстан аумағына заңсыз әкелу фактілері тыйылмай тұр. Керісінше уақыт өткен сайын артып келеді. Осыған орай «Айқын» газетінің тілшісі көлік құралдарын әкелу-әкету тәртібі туралы және мұндай көлік құралдарын тасымалдау кезінде Кеден заңнамаларын бұзудың зардабы төңірегінде Жамбыл облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Гүлмира Мұхамеджанқызымен сұхбаттасқан «Қырғыз нөмірін таққан көліктер елімізде қанша уақыт жүре алады?» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында басқарма бастығы: «Егер жеңілдетілген тәртіппен кеден шекарасынан өткен автокөлікті шетелдік азамат емес біздің елдің азаматы басқарса, ондай жағдайда кеден ережелерін бұзушылық болып саналады. Қазақстан аумағында көлік құралымен тек шекараны жолаушылар кедендік декларациясымен өткен тұлға ғана басқара алады. Ондай болмаған жағдайда Кеден заңнамасын бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 430-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады», — дейді.