Жарияланды: 440

Қытай полицейлері Қазақстан азаматын босату үшін 30 мың доллар талап еткен

Бостандықтың құны 30 мың доллар! Қытайда қамауда отырған жұбайын босату үшін сол елдің полицейлері отандасымыз Виктория Осадцадан осындай сома талап етіп отыр. Павлодар-Үрімші бағытында жолаушы тасымалымен айналысатын күйеуі екі ай бұрын жол апатына ұшырап, салдарынан қытайлық мотоцикл жүргізушісі қайтыс болған. Қытайлық удай мас болған көрінеді. Содан бері күйеуі қамауға алынып, күні бүгінге дейін іс қозғалмаған.

Атасын сағынған немересі онымен телефон арқылы ғана тілдесе алады. 10 жылдай Павлодар-Үрімші арасында жолаушы тасымалдаумен айналысқан Владимир Шуст 6-шы маусым күні қазақ шекарасына 180 шақырым жетпей жол апатына ұшыраған. Бұрылыстардың бірінен зулап шыққан мотоцикл ол жүргізіп келе жатқан автобусқа соғылыпты. Содан бері Владимир Қошлағаш ауылынан шыға алмай отыр. Өйткені қытайлық тәртіп сақшылары оның құжаттарын тартып алған.

Виктория Осадца, Владимир Шусттың жұбайы:

-Апатқа ұшырағанжігіттің қасына мотоциклмен тағы екі адам тоқтады. Тізерлеп отыра қалып, ерсі қылықтар жасай бастады. Жан ұшырғандай бірде айқайлады, бірде күлді. Жедел жәрдем шақырудың орнына, такси тоқтатып, қансыраған жігітті қап сияқты лақтыра салып, белгісіз бағытта тайып тұрды.

Сол мотоцикл жүргізушісінің қаза тапқанын бұлар кейін естіген. Енді қытай жағы, Виктория Осадцаның айтуынша, күйеуінің бостандығы үшін бастапқыда 100 мың, енді 30 мың доллар талап етуде. Павлодарда жалдамалы пәтерде 5 баласымен тұратын отбасының мұндай қаражаты жоқ. Оның үстіне жол апатының куәгері болған автобустағы 20 адам Владимир Шусттың жазықсыз екенін айтып отыр. 

Денис Булатов, куәгер:

-Қансырап жатқан жігіттіңде, қасындағы жолдастарының да мас болғанын көрдік. Жолдың қарсы бетіне шығып кеткен де солар. Сондықтан ешбір тергеусіз Владимирді ғана айыптау ағаттық. 

Бір қызығы,Владимир Шустқа күні бүгінге дейін айып тағылмаған. Және ол полиция бөлімшесінде емес, Қытайдағы қонақүйлердің бірінде тұрып жатыр. Екі айға жуық уақыт аралығында, қонақүй мен аудармашы қызметіне 600 мың теңге жұмсаған. Мән-жайдан еліміздің Үрімшідегі өкілдігі де хабардар. Қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз дейді олар да.

Ерлан Ибрагимов, ҚР СІМ Үрімші қаласындағы төлқұжат-визалық қызметінің бірінші хатшысы:

-Ішкі істер органдары қызметкерлері жәбірленуші жақтың туыстарымен қоса, айыпталушыдан ақша бопсалау деректері шынымен де бар. Егер бұл әрекеттерінен нәтиже шықпаса, әдетте олар істі осылай сағызша соза бастайды. 

Дегенмен қытайлық полицейлер айтқандарынан қайтпақ емес. Сұраған соманы берген кезде ғана құжатты қайта аласыңдар депті. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін