Шанхайда жүрген Елбасының жұмысы бүгін де қауырт. Сапарының екінші күнінде Нұрсұлтан Назарбаев елге инвестиция тартуға өзі араласты. Қытайдың дүниежүзіне белгілі ірі компаниялары да Қазақстанға миллиардттап қаржысын салуға ниетті. Бірі Қарағанды облысынан көмір өңдейтін кәсіпорын тұрғызбақшы. Сөйтіп көмірден бензин мен дизель отынын алмақ ойы бар. Ал, екіншісі телекоммуникация саласын жаңғыртуға капиталын құйса, үшіншісі отандық авиацияда бәсекелестік орнатуға әзір. Яғни, елімізде 12 адамға шақталған шағын жолаушылар ұшағын құрастырғысы келеді. Қытайлық инвесторлардың жобасын мұқият тыңдаған мемлекет басшысы келісім-шарт жасасуға дайын екенін мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚазақстанРеспубликасының Президенті:
-Қазіргі дүниедегі алмағайып заманда дүниедегі тұрақсыздық жағдайында Қытай Халық Республикасымен байланыс өте қажет. Ол және пайдалы. Осы кездесу кезінде біраз нәтижеге қол жеткіздік. Мысалы өткен кездесулер кезінде Қытаймен инвестиция көлемі 10 млрд. болса енді жаңадан жасалатын келісім бойынша ол 20 млрд.-қа жететін болады. Ал енді болашақта болатын жағдайлар өз алдына.
Енді жеті рет өлшеп бір кесетін кәсіпкерлер жақын арада Қазақстанға келіп кетпек. Ал экономикасы қарқынды дамып келе жатқан “аспан асты елі ” қазақтың табиғи ресурсына зәру. Сондықтан Қашағандағы қытайлық компаниялардың үлесі артуы мүмкін. Оның үстіне көршілеріміз Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жөндеуге 1 млрд. доллар бөліп отыр. Одан бөлек Қытайдың мемлекеттік даму банкі еліміздің қаржы жүйесіне несие ретінде беріп отырған бес жүз миллион доллары тағы бар. Енді меже өзара алыс-берісті 40 миллиард долларға жеткізу. Ал түс ауа сапарының соңында Елбасы Синьхуа агенттігіне сұхбат берді. Онлайн байланыс аркылы Нұрсұлтан Назарбаевқа мыңнан астам сұрақ түскен. Сауалдар саясаттан бастап Елбасының жеке өміріне дейін қамтыған. Тіпті Қытайда Қазақстан басшысын құрмет тұтатындар көп екен.
Ертең Нұрсұлтан Назарбаев Шанхайда өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және Сенім шаралары кеңесіне қатысады. Басқосуда Азия құрлығындағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты арнайы бағдарлама әзірленеді деп күтілуде. Ал әлемдегі ықпалды ұйымның отырысына қатысатын 11 мемлекеттің президенттері де осы сағатта түгел келіп болды. Сондықтан қалада қауіпсіздік шаралары тағы күшейтіліп жатыр.